Петропавлдағы «Океан» сауда үйінің жанында орналасқан көп қабатты баспана тұрғындары редакцияға шағымданды. Айтуларынша, үй маңындағы қоқысқа сауда орталықтары қоқыс төгетін болған, бүлінген азық-түлік қалдығынан жағымсыз иіс ауаға тарап жатыр.
Сондай-ақ, тұрғын үй маңындағы ағаштар шіріп, құлайын деп тұр. Наразы тұрғындар оқыс оқиғаның алдын алу үшін бірнеше рет әкімдікке арызданған, бірақ нәтиже жоқ.
ЛЮБОВЬ СЛЕПНЕВА – ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ «Мұнда тұрып жатқаныма 30 жыл болды. Басында бәрі жақсы еді. Кейін жанымызда сауда орындары пайда бола бастады. Олар тұрғын үйге тиесілі қоқыс алаңына шіріген жеміс-жидек, азық түліктерін тастайды. Жаман иіс қолқаны қабады. Автотұрақ та үнемі толы. Жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметінен бөлек, тұрғын үй иелерінің өздері көліктерін қоятын жер таппай жүр».
Енді көппәтерлі тұрғын үй иелері қоқыс алаңын Гоголь-Бостандық көшесіндегі учаскеге көшіруді сұрап отыр. Олардың айтуынша, жаман иіс мәселесін осылайша шешуге болады. Сондай-ақ үй маңындағы құлайын деп тұрған ағаштар да жұрттың мазасын алған. Бұған дейін құлаған бұтақтан терезе сынған бірнеше жағдай болған екен.
ИРИНА ЯУФМАН - «ОКЕАН» ПИК ТӨРАҒАСЫ «Әкімдікке 3 жыл қатарынан өтініш жаздым. Ешқандай нәтиже болмады. Бар айтқандары қызметкерлер ауысып кетті, істі басқаға берді дейді. Өзіміз қайда, кімге жүгініп жатқанымызды білмейміз. Айналамыз толы шіріген ағаш. Өткен маусым айында қатты жел болып, бір ағаш құлады. Кешкі уақыт болғандықтан тұрақта көліктер болмады. Адамдар зардап шекпеді. Бұл жағдайдың тағы қайталанбасына кім кепіл?»
Қалалық әкімдік мамандары мердігер компаниямен келісімшарт жасалғаннан кейін ескі ағаштардың кесіп алынатынын жеткізді.