Ресейден көлемді су көлемі келуі мүмкін. Батыс, Шығыс және Солтүстік өңірде ахуал күрделі. 20-нан кейін аталған өңірлерде су тасқыны қауіп төндіруі ықтимал. Қазірден бастап халық эвакуацияланып жатыр.
Шығыс Қазақстанның 7 ауданына су басу қаупі төніп тұр. Бұл аудандарда мобильді топтар тәулік бойы мониторинг жүргізуді бастады. Бөгендер салып, қапшықтар төселіп жатыр. Солтүстікте де жағдай мәз емес. Есіл өзені арнасынан асып кетті.
ЕВГЕНИЙ ЖУРАВЛЕВ СҚО ТЖД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: «Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасы 149% толып, су бөгет шыңынан 2 метр 61 см асты. Есіл өзенінде су деңгейі жоғарылап жатыр, осы орайда өзен жағасының маңында орналасқан Қызылжар ауданының елді мекендері мен Петропавл қаласында үйлерді су басу деректері тіркелді. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, дегенмен ахуал күрделі».
Батыста да жағдай мәз емес. 20 сәуірде Ресейден көлемді су келуі мүмкін деп болжанады. Аталған өңірге барлығы 6478 адам, 1574 техника жұмылдырылды. Халық үрейленіп отыр. Себебі, Оралда Жайық өзенініндегі су деңгейі күн санап көтеріліп жатыр. Тұрғындар шұғыл эвакуацияға дайындалуда.
ЕРХАН ТАТКЕН БҚО ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Өңірдегі жағдай әлі де күрделі. Мамандардың бүгін таңмен берген мәліметіне сәйкес, Ресейдің Орынбор облысынан бастау алған көлемді су өңірімізге 20 сәуір күндері келеді деп болжанып отыр. Таңертеңгі ақпарат бойынша, Жайық өзеніндегі судың деңгейі 776 см. Яғни кешегі мөлшермен салыстырғанда 8 см-ге артқан. Осыған байланысты, Жайық өзеніне жақын орналасқан облысымыздың Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласындағы қауіпті аймақтардан тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 13 614 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5653-і балалар.».
Зардап шеккен өңірлерге қосымша 500 арнайы техника жолға шықты. Одан бөлек, еріктілер әр өңірден гуманитарлық көмек жіберіп жатыр. Астаналықтар бүгін Ақмолаға 12 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Қазақстандықтар, біртіндеп үйлеріне оралып жатыр.
ЕРАСЫЛ САЙПАШ ҚР ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР КОМИТЕТІНІҢ АҒА ОФИЦЕРІ: «Осы сағатта 13 543 адам өз үйлеріне оралды. 7 014 адам, оның ішінде 3 144 бала эвакуациялау пункттеріне орналасқан. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 693 адам, оның ішінде 39 922 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 107 613 ауыл шаруашылық жануарлары қауіпсіз жерге айдалды. 3 570 тұрғын үй мен 2 195 аула аумағынан судың бағыты бұрылды».
Айтпақшы, су тасқынынан зардап шеккен азаматтар көмек алуға өтінішті смартфон арқылы бере алады. Ол үшін жеке тұлғаның сауалына ЭЦҚ қолы қажет.