Маңғыстау облысы, Сайөтес ауылында апатты күйде тұрған екіқабатты 15 үй жөнделіп жатыр. Маңғыстау ауданы әкімдігі жариялаған мемлекеттік сатып алу конкурсын жергілікті құрылыс компаниясы ұтып алған болатын. Жоба құны 180 млн теңгені құрайды. Мердігер ескі үйлердің қасбетін жаз аяқталғанша жаңалауға тиіс.
Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген бұл баспаналардың бірінде Шапай Байболатов отбасымен тұрып жатыр. Жаңбыр жауса болды төбеден сорғалайтын сумен арпалысқаннан да әбден қажыған. Жөндеу жұмыстарының қолға алынғанына тұрғын қуанышты.
ШАПАЙ БАЙБОЛАТОВА ТҰРҒЫН: «Бұл үйде әуелден теміржолдың үйі ұқсаған шифері жоқ болды. Үсті тек битуммен жабылған. Битум ол тозады. Тесігін бітейміз, оның басқа жерінен жарылады. Қыстың аязы мен жаздың ыстығымен. Сонымен сол бітегенімізден пайда болған жоқ».
Бұл үйлердің жертөлесінің де жағдайы мәз емес. Кәріз, жылу және су құбырларына да қаржы салуды талап етеді. Ауыл әкімінің сөзінше, оған бөлек конкурс жарияланады. Бір мәселе бұрын теміржол, мұнай тасымалдау мекемелеріне тиесілі болған баспаналардың құжаты жоқ. Жауапты мамандар мәселе оң шешілетінін айтты.
САЛТАНАТ ДӘЛУОВА МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ САЙӨТЕС АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:«Қалған жағы алдағы уақытта еншісінде деп есептейміз. Өйткені қазір тендер дейміз ғой. Жеңімпаз әзірге осыған келісіп тұр. Қаржының бөлінуіне, өзінің мүмкіндігіне қарай. Қасбеті жөнделгесін сұраныс бойынша подъезді де қосып отырмыз. Соған келісіп, осы 15 үйді жасауға жұмыстанып жатыр».
ЕРШАТ ЭЛЬБРУС МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ: «18 үйдің 8-ін аяқтадық. Қазіргі таңда 5 үй жасалып жатыр. Қыркүйекке дейін мерзіміміз бар. Мерзімге дейін аяқталатынына кепілдік береміз. Үйдің сырт келбеті, яғни фасады, сосын шатырының ағашы металочерепицаға түгел ауысады».
Дәл осындай жағдайдағы 3 үй биыл сүріледі.Тұрғындарға уақытша панажай табуға кеңес берілген. Жоспар бойынша алдағы уақытта жер телімі бөлініп, жаңа баспаналар салынады.