Семейде мектеп оқушылары қазақ аңыз-әпсаналарына негізделген үстел ойынын ойлап тапты. Туынды шетелдік ойындардың негізінде жасалған. Оқушылар 1 жылға жуық уақыт еңбектенген. Қазір тіпті авторлық құқыққа иелік етіп, патенттеп алған.

Жезтырнақ, бір көзді Дәу, Желаяқ, Таусоғар, Саққұлақ пен Тазша бала. Жаңа мифологиялық ойынның алаңынан таза қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін көресіз. Бәрі де ағаштан ойып, жасалған. Авторлары алдымен зерттеу жасап сауалнама жүргізген. Нәтижесінде оқушылардың фантастикалық жанрға көбірек қызығатыны анықталған. Сондықтан аңыз-әпсана бағытын әдейі таңдадық дейді.

АЙЗЕРЕ НҰРБЕК 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
«Жастар арасындағы қазақ контентінің аздығы мәселесінен біз осы жобаны мақсат еттік және қолымызға алған болатынбыз. Біз жүргізген сауалнама бойынша қазақ жастары мифологиялық кейіпкерлердің 40-нан тек қана екеуін жалмауыз кемпір мен жезтырнақты ғана біледі екен. Сондықтан да біз осы тақырыпқа байланысты көптеген зерттеу жасадық».

Жобаны дайындауға оқушылар 1 жыл уақытын сарп еткен. Ойынның екі нұсқасы бар. Бірінде алты, ал екіншісінде 8 кейіпкері бар. Әрбір детальға жіті назар аударылған. Қиындық та болды дейді.

СЕНІМ ДҮЙСЕНОВА 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
«Ойынмен айналысу кезінде көптеген кедергілер де болды. Мысалы біз Canva деген бағдарламаны қолданылған болатынбыз сол ойынның дизайнын жасауда. Бірақта ол Саnva-да төл сөздер жоқ. Төл әріптер жоқ қазақша. Сондықтан да біз барлық жазуларды өз қолымызбен жазып, арнайы бағдарлама арқылы компьютерге дизайнға енгізген болатынбыз».

Ойын оқушылардың білім көкжиегі кеңейіп, төл әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Қазір жобаға жан-жақтан қызығушылық танып жатқандар да көп.

АҚБОТА НҰРҒАЛИҚЫЗЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
«Авторлық құқық алғаннан кейін барып таратып, сайттарға ақпараттар тарата бастадық. Содан бері біршама сұраныс бар. Яғни ойынды қайдан сатып алсақ болады, қай жерде ол сатылады деген сұраныстар бар. Енді бізде болашаққа әлі де мақсатымыз ойынды нарыққа шығарып дамыту жетілдіру».

Қазақ мифологиясы туралы бұл ойын бүгінгі заманға лайықты етіп жасалған. Ойнауға да оңай. Ойлауға да септеседі. Қолдаушылар табылып жатса сатылымға шығатын күнде алыс емес.