Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 11 қаңтар күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және сенаторлардың өңірлерге сапарын қорытындылады.Мәулен Әшімбаев ауылдар мен аудандардың тұрғындары көтерген мәселелер Палатаның алдағы жұмысында баса назарға алынуы керектігін айтты.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Жаңа жылдың алғашқы күндерінде өңірлерге барып, жұртшылықпен кездесулер өткіздік. Соның барысында халықты алаңдатып отырған өзекті проблемаларға назар аударып, тұрғындармен бірге талқыладық. Енді сенаторлардан маңызды мәселелер бойынша депутаттық сауалдар күтеміз. Сондай-ақ аталған түйткілдер Парламенттік тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу кезінде де ескерілуге тиіс. Азаматтар көтерген проблемалар сенаторлардың ұдайы назарында болады. Біз оларды оң шешу бағытында нақты жұмыс жүргізуіміз керек».
Мәулен Әшімбаев отырыс барысында Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында белгіленген маңызды міндеттерге де тоқталып өтті. Палата Спикері ел Президентінің тікелей тапсырмасымен Бюджет және Салық кодекстерінің жобалары әзірленіп жатқанын айтып, сенаторларды аталған заңдардың Сенатқа келуін күтпестен, тиісті жұмысты бастай беруге шақырды. Сондай-ақ ол ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін барша қазақстандықтың жұдырықтай жұмылып әрекет етуі аса маңызды екенін тілге тиек етті.