Ауылды көтеру керек. Әйтпесе, 2050 жылға қарай жағдай тым күрделенеді. Ауылдан жаппай қалаға көшу процессі қарқынды жүріп, урбанизацияның салдарымен күресе алмай қаламыз. Осылай деген сенаторлар бүгін Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Айтуларынша, ауылдық елді мекендерді дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар болғанымен, олар еш нәтиже бермеген. Сондықтан, ауылдағы ағайынның ахуалын көтеретін жаңа бағдарламалар қабылдануы тиіс дейді.

ЖАНБОЛАТ ЖӨРГЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Ауылдарда баспана, жалақы, мәдени инфрақұрылымдар дәл қаладағыдай қолжетімді болу керек.Әсіресе білім кластерін құрудың маңызы жоғары. Ветеринария, ауыл шаруашылығы бойынша, ал мұнайлы аймақтарда мұнай-газ мамандықтарына баулитын білім ошақтарын көтеру керек.Сонда ғана біз ішкі миграцияны аз да болса ауыздықтай аламыз».

Одан бөлек, бүгін сенаторлар шағын және орта бизнеске қатысты заңға енген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Жаңа заң кәсіпкерлерді жазалау құралы емес, керісінше қолайлы бизнес климатты қалыптастыруға негізделген-мыс. Алайда, жаңа құжаттың кей нормалары депутаттардың сынына ұшыраса да, көпшілік дауыспен заң бірінші оқылымда қабылданып кетті. Олар ішкі сауда субъектілеріне қолдау көрсететін норма жоқ дейді. Қолдауды ірі қалалардағы сауда орталықтарына емес, шағын ауылдық жерлер мен моноқалалардағы сауданың қазіргі заманғы форматын енгізуге беру керек дейді.