Экс-шенеунік Бишімбаевтың соты бүгін қайта жалғасты. Сот марқұм болған Салтанат Нүкенованың ұялы телефонын зерттеуге кірісті. Прокурор Айжан Аймағанова Салтанаттың телефоны мөрленген конвертті ашты. Ондағы Нүкенова мен Бишімбаевтың WhatsApp-та жазысқан хат-хабарларының бірнешеуін оқыды. Салтанат күйеуіне сенің ойыншығың емеспін деп хат жазып, мазасын алмауын сұрапты.
АЙЖАН АЙМАҒАНОВА ПРОКУРОР: «Бұл өмір емес, күн сайын бір нәрсені айтып қорқытып отыратын мен сенің ойыншығың да балаң да емеспін. Мен ақылымнан адасқан жоқпын. Маған 24 сағат 7 күн бойы не істеу керегін айтудың қажеті де жоқ, онсыз да бәрін жақсы білемін. Әрбір ұрыстан соң өзіме келу үшін бір күн уақыт кетеді. Оның үстіне үнемі ұрыстан соң, сені күлімдеп күтіп алуым керек».
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалған болатын. Алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Онда күдікті айыпты мойындамайтынын айтқан болатын.