Су тасқыны халықты әбден әбігерге салды. Соңғы ақпарат бойынша республикалық маңызы бар 12 автожолда жол жабық. Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында қатынас қиындады. Ақтөбе мен Оралда жағдай мүлдем мәз емес. Саяжайлардан адамдар эвакуацияланып, әскерилер мен еріктілер және төтеншеліктер тәулік бойы жұмыс істеуде.
Батыс Қазақстанда ахуал күрделі. Түнімен саяжайдағы адамдарды құтқару жұмыстары жүрді. Олар қауіпсіз жерлерге орнастырылды. Мұнда көмекке Астана, Қызылорда және Түркістаннан қосымша құтқарушылар тартылған.
ЕРАСЫЛ САЙПАШ ҚР ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР КОМИТЕТІНІҢ АҒА ОФИЦЕРІ: «Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 18651 адам өз үйлеріне оралды. Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан тұрғындар мен жануарларды эвакуациялау алдын ала жүргізілді. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге айдалды. 6887 адам, оның ішінде 3166 бала эвакуациялау пункттерінде. 4216 тұрғын үй мен 2 698 аула аумағынан судың бағыты бұрылды».
ӘСЕТ АЙТЖАНОВ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Ақтөбе облысы бойынша 7 елді мекенде табиғи төтенше жағдай сақталуда. Одан бөлек, Ырғыз ауданы бойынша 5 елді мекенде: Мамыр, Нұра, Құйлыс, Жайсанбай, Белшер кенттерінде су басу қаупі бар. Қазіргі уақытта Мамыр ауылында егу іс-шараларын өткізу кезінде ұзындығы 3 км, ені 4,5 м және биіктігі 2,5 м бөгет, Жайсанбай ауылында ұзындығы 3 км, ені 5 м және биіктігі 2,7 м бөгет салынды».
Теріскейде де жағдай мәз емес. Су үйдің шатырымен бірдей деңгейге көтерілген. Арнайы техниканың көмегімен, мотопомпа арқылы сорылып жатыр. Өңірге өзге аймақтардан 470 тонна гуманитарлық көмек жеткен.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласында жағдай күрделі. Қызылжар ауданының елді мекендеріне және облыс орталығының Ойқала Тері зауыты, Заречный, Косогор шағын аудандарының бір бөлігін су басты. Бүгінде 2639 үй су астында қалып отыр. Облыс бойынша барлығы 14 388 адам эвакуацияланды. Эвакопункттерде 1073 адам орналастырылған, олардың барлығы күніне үш рет тамақтандырумен, қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ақмола облысынан екінші толқынның келуіне байланысты су деңгейінің қайта көтерілуі орын алуда, Сергеев су қоймасына аққан су 21 см-ге артып, 278 см құрады».
Айтпақшы, тасқыннан зардап шеккен азаматтардың тек үйі бойынша емес, көлігі бойынша да компенсация төленеді. Бұл туралы Мәжіліс Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов айтқан болатын. Әр жағдай жеке қаралады. Барлық мүлік есепке алынады деді ол. Жағдай тікелей Президент пен Үкіметтің өз назарында.