"

Суицидке баратындардың әрбір бесіншісі – лудоман. Еліміздегі ажырасулардың 40%-на да осы лудомания тікелей себеп болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың да дені –  құмар ойынға шалдыққандар. 
Ойын бизнесі және лотереямен күресетін жаңа заң жобасы мәжіліске келіп түсті. Бұл жаңа құжаттың қабылдануына барлық фракция өкілдері бастамашыл болып отыр. Себебі, құмар ойынның құрығына іліккендер жайындағы статистика қорқынышты. 

Бұдан былай жасы 25-ке толмаған, мойнында қарызы бар адамдарға құмар ойын ойнауға үзілді-кесілді тиым салынады. Мәжіліс ойын бизнесі және лотерея қызметі туралы заң жобасын жұмысқа алды. Себебі, елімізде жыл сайын ойынқұмарлар саны артып барады. Ресми статистикаға жүгінсек, 400 мың адам құмар ойынның құрығына іліккен, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 
«Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Сұмдығы бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдардың саны белгісіз».

Құмар ойынның құрығына іліккендердің орташа жасы 18 бен 40 жасты құрайды. Ал әлеуметтік портреттері, орташа қанағаттанарлық деп бағаланады. Ешбіреуінің  жағдайы тым нашар емес, араларында «жерге нан таба алмай жүргендері мүлдем жоқ», оның үстіне күн санап ойынқұмарлар қатары артып барады. Тіпті араларында қыздар да бар дейді мамандар. Сондықтан, депутаттардың дабыл қаққаны түсінікті де.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Ойын нарығы айналасында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер болатыны сөзсіз. Осында келтірілген мәліметтерден Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз. Бүгін қарастырғалы отырған заң жобалары осы мәселені барынша ауыздықтап, реттеуге арналған».

Сонымен жаңа заңға енген өзгерістерді тізсек: енді 18 жастан лотерея ойнауға тиым салынады, рұқсат тек 25 жастан, одан бөлек мойнында қарызы барлар лотерея ойынына жолтылмайды, ал ойын бизнесін жарнамалағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.