"
СҚО жолдарында «ақылды камералар» іске қосылды. Аталған құрылғылар жол жүру ережелерінің бұзушылықтарын автоматты түрде тіркейді.Олар өңірдің көше-жол желісіндегі қозғалысы көп учаскелерінде орнатылған.
Жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын автоматты түрде тіркейтін құрылғылар,яғни «ақылды камералар» 11-ші қыркүйектен бастап іске қосылды. Аталмыш құрылғылар жол үстіндегі апатты азайтуда тиімділігін көрсетті.Бұл уақытқа дейін облыста 2022 жылы орнатылған 30 құрылғы жұмыс істеді.Олар орнатылған учаскелерде бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ СҚО ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ «Талдау көрсеткендей, аталған кешендер жол апаттарын, яғни адам өліміне алып келген жол-көлік оқиғаларының санын азайтуда оң нәтиже көрсетті.Бүгінгі таңда адам өлімімен аяқталған жол апаттарының саны 30 пайызға азайып отыр».
Үстіміздегі жылдың сегіз айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұзушылықтар екі есе аз тіркелген.Азаматтардың өтініштерін ескере отырып, облыстық полиция департаменті тағы 24 құрылғы алды.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ СҚО ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: «2 кешен темір жол өтпесіндегі, 3 кешен жаяу жүргіншілер өткеліндегі бұзушылықтарды тіркейді. Сондай-ақ республикалық маңыздағы жолдарға мобильдік аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылған қосымша қызметтік көліктер шығады».
Құрылғы жылдамдықты асыруды, қауіпсіздік белдігін тақпауды, көлік басқару кезінде ұялы телефонды пайдалануды, жол таңбаларының бұзушылықтарын тіркейді. Бұлар жүргізушілер тарапынан жиі орын алатын бұзушылықтар.