Кеше Алматы облысы, Талғар аудандық ауруханасында әкесінің қайтыс болғанын естіген ұлдары медицина қызметкерлерін ұрып-соғып, марқұмның денесін ұрлап кетті. Көп ұзамай полицейлер күдіктілерді қолға түсірді. Оқиғаның мән – жайын біздің түсіру тобы анықтап көрді.
Белгілі болғанындай,Талғар орталық аудандық ауруханасына 18 қыркүйектен 19 қыркүйекке қараған түні 64 жастағы ер адам жүрек талмасымен өте ауыр жағдайда жеткізілген. Науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті. Өкінішке орай, ол мүмкін болмады. Таңғы сағат 04:50 шамасында науқастың жүрек соғысы тоқтады.Қайғылы жағдайды естіген марқұмның ұлдары дәрігерлердің сараптама қағазын күтпестен реанимация бөліміне баса-көктеп кіріп, дәрігер мен мейіргерін соққыға жықты. Зардап шеккен медицина қызметкерлерінің жағдайы қазір ауыр деп бағаланып отыр.
ИСЛАМБЕК АРЫСТАНБЕКОВИЧ АҒА ДӘРІГЕР ТРАВМАТОЛОГ
«Қазіргі таңда реаниматолог дәрігеріміз ес түссіз жағдайда жатыр. Олар компьютерлік томография, рентген сараптамаларынан өтті. Қойылған диагноздар: жабық ми жарақаты, бас-мидың соғылуы, бастың шашты бөлімінің тері асты гемотомасы, маңдай бөлімінің сырылған жарасы, сол қасының ашық жарасы және сол көз орбитасының сынығы. Сол көзі қазір дұрыс көрмейді. Автомолог дәрігерлеріміз көрді. Қазіргі кезде ота қажет емес. Бірақ, көзінің көруі одан сайын нашарлайтын болса, ота жасалады. Екінші реанимация бөлімінің медбратында ауыр бас-ми жарақаты мен бас-миының соғылуы және мұрын сүйектерінің соғылуының жеңіл дәрежесі диагнозы қойылды».
Соққыға жығылған дәрігерлерде алдағы жарты жыл уақыт ішінде бас-миының зақымдануына байланысты тырысқақ, бас ауруы, бас айналуы сынды аурулар пайда болуы мүмкін дейді ақ халаттылар. Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.
ЕРНАР САЙДИЛЬДИН АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Алматы облысының полициясы Талғар қаласында медициналық қызметкерлерді ұрып-соққан күдікті екі адамды уақытша ұстау изоляторына қамаққа алды.Қозғалған қылмыстық іс бойынша жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін сараптамалық тексерулер тағайындаумен тергеу іс-шаралары жүргізілуде.ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлігіне сәйкес денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін мүлкі тәркіленіп немесе онсыз сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған».