Алматыда Мемлекет және қоғам қайраткері Сергей Терещенконы еске алуға арналған «Қазақстан омарташылығы: кеше, бүгін және болашағы» атты халықаралық форум ұйымдастырылды.Шараға шетелдік омарташылар да қатысты.
Қоғам қайраткері Сергей Терещенко Қазақ ауылшаруашылығы институтының түлегі болған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен кейін Қазақстан ұлттық омарташылар одағын құрып, елімізде кенжелеп қалған саланы жаңғыртып, үлкен жетістіктерге жеткен. Бүгінгі жиынға Польша, Эстония, Қырғызстан, Ресей және Қазақстан өкілдерінің үздік омарташылары бас қосып, өз іс-тәжірбиелерімен бөлісіп, тың ақпараттар арқылы жойылу алдында тұрған аралар мен жабайы тозаңдандырғыштардың тіршілік ету ортасын сақтау мәселелерін көтерді.
ЕЛЕНА ТЕРЕЩЕНКО «БАЛ-АРА» ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ОМАРТАШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Бүгін, көктемнің алғашқы күнін омарта шаруашылығы саласына арналған республикалық деңгейдегі үлкен іс-шарамен бастап жатырмыз. Форумымызға өз пікірімен бөлісу үшін және қызықты әр түрлі баяндамалар оқуға 120-дан астам омарташы келді. 2010 ж Бал-ара ұлттық одағының президенті менің әкем Сергей Александрович Терещенко болды. Былтыр әкем өмірден озды. Енді біз оның ұрпағы ретінде оның барлық ісін жалғастырып, Қазақстан омарта шаруашылығын дамытамыз деген сенімдемін».
Форумда өзекті тақырыптық семинарлар, панельдік пікірталастар, мамандандырылған жабдықтар көрмесі, қазақстандық бал мен бал сусындарының дәмін тату сынды әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
ТОМАШ КЕНДЗЕРА «АПИСЛАВИЯ» ЕУРОПА ЖӘНЕ АЗИЯ АРА ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҰЙЫМДАРЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ ПРЕЗИДЕНТІ: «2014 жылдан бастап сіздердің елден бізге білімгерлер келетін. Бірақ келушілердің саны аз болатын. Ал, қазір Қазақстаннан 10-15 адам келіп білім алуда. Іс-тәжірибе алмасуда біз сіздердің оларға берген тәрбиелеріңізге қайран қаламыз. Қазақстан азаматтары расында ерекше жандар».
«Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ұйымдастырған бұл халықаралық форум ертеңге дейін жалғаспақ.