Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға жасаған іс сапары аясында бірінші Berlin Global Dialogue форумына қатысты. Президент «Көшбасшылар диалогы» сессиясында Қазақстанның жаһандық экономикалық процестердегі рөлі туралы өз көзқарасын айтты. Президенттің пікірінше, жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет. Әйтпесе, адамзат дүниежүзілік сауданың бұрын-соңды болмаған бөлшектенуіне тап болады. Бұл әлемдік жалпы ішкі өнім 7 пайызға құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басым бөлігін еліміздің халықаралық экономикалық байланыстарды тұрақтандыру ісіндегі рөліне арнады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарықтарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі саналады. Біздің мұнай экспортының 70 пайызы Еуропа Одағына шығарылатынын ескере отырып, экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайынбыз».
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына ұлттық экономиканы дамытудың перспективалары туралы мәлімет берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі болғанымен, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр».
Мемлекет басшысының Германияға жасаған іс сапарының маңызды бөлігі Олаф Шольц пен бірлесіп БАҚ өкілдері үшін өткізген брифинг деуге болады.Қазақстан Президенті мен Германияның Федералдық канцлері жоғары деңгейде өткен келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Берлинге сапармен келуге арнайы шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Олаф Шольцке ризашылығын білдірді. Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті. Президент мұнай-газ химиясы, металлургия, көлік және логистика секілді перспективті салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қарастырылғанын айтты.Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарапының жетекші еуропалық компаниялармен қол жеткізген уағдаластықтарын жоғары бағалады.Мемлекет басшысы өз сөзінде екі елдің өзара ықпалдастығын кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерге де тоқталды. Федералдық канцлер Олаф Шольц өз сөзінде Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ энергетика, орнықты даму, цифрландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін айтты.Бұдан бөлек, Канцлер Германия мен Еуропа Одағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларды толық қолдайтынын мәлімдеді.Қазақстан мен Германия басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жөнінде, Украина төңірегіндегі қақтығыстарға қатысты сұрақтар қойылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара бөліп жатыр. Елдеріміз арасында сауда, гуманитарлық байланыстар бойынша дәстүрлі ынтымақтастық орнаған. 2013 жылы екі ел Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды. Украинадағы қақтығысқа келер болсақ, Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды. Мен бүгін құрметті Канцлер мырзаға жағдайдың шын мәнінде өте күрделі екенін айттым. Ресей де, Украина да келіссөз жүргізуге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірше белгісіз. Сондықтан парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туады деп ойлаймын. Олар бірін-бірі айыптауды доғарып, екі жаққа да тиімді келіссөздің жолын табуы керек. Қазақстан Украина қақтығысын шешудің қандай да бір жолдарын ұсынып жатқан өзге елдер мен мемлекеттер тобының күш-жігерін қолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны қабылдаймыз».