Бұдан былай Түркі мемлекеттері арасында жүк тасымалы артады. Бүгін Сенат депутаттары осындай заң жобасын мақұлдады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы жүк тасымалдау көлемі 35 млн тоннаны құраған, ол 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Одан бөлек жоғары палата депутаттары кітапханашылар мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру қажет деген ұсыныс айтты. 

Елімізде кітапхана саласы кенже дамуда. Ауылдық жерлерде 60 пайыз кітапхана ұйымдары ескірген. Әбден тозығы жетіп, арасында апаттық деп танылғандары да бар. Оның үстіне, бұл салада мамандар да тапшы. Жастар жағы мүлдем жақындағысы келмейді. Себебі, жалақы мардымсыз. Орташа айлық 125 мың теңге. Осылай деген Сенат депутаттары бұл іске Үкімет өзі араласуы керек. Кітапхана ісі туралы заң қабылдану керек деген пікірде. 

НҰРТӨРЕ ЖҮСІП ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Жалақының төмен деңгейі білікті кадрлардың бұл саладан кетуіне әкеледі. Кітапханада істейтін IT мамандар, бухгалтерлер, программистер, инженерлік техникалық мамандар техникалық персоналдарға жатады. Олардың жалақысы тіптен мардымсыз. Қазіргі уақытта кітапхана ісі толықтай даму үшін қажеттізаңнамалық база жоқ. Бұл кітапхана ісі туралы заңның болмауынан туындап отыр. Мұндай заң әлемнің 130-дан астам елінде, ТМД барлық елдерінде қабылданған. Компьтерлермен жабдықтау әбден ескірген. Көптеген кітапхана ұзақ жылдар бойы ұзақ жөндеуден өтпеген. Арнаулы кітапханалар, балаларға, зағип жандарға арналған кітапханалар көңілден шыға бермейді». 

Ал, енді бір топ сенатор әлеуметтік қызметкерлердің де тұрмысы нашар, ахуалы мәз емес дейді. Небір түрлі ауыр диагноз қойылған балалармен, психикалық науқастармен өз өмірлерін қауіпке тігіп еңбек ететін осы бір бейнетті мамандық иелерін мемлекет қолдау керек деген пікірде. 

АМАНГЕЛДІ ТОЛАМИСОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Бүгінгі нарықтың жағдайымен салыстырсақ айлығы шайлығына жетпейді деп осы саланың қызмектерлеріне қайтара айтуға болады. Статистикаға сүйенсек елімізде қарттар мен мүгедектігі барларға қызмет көрсететін 118 мекеме бар екен. Мүгедектігі бар, әр түрлі диагнозы бар тастанды балаларға қамқорлық жасап отырған мекеменің қызметкерлерінің жұмысы аса бейнетті әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Мысалы, 10 жыл еңбек өтілі бар әлеуметтік маманның бір айлық еңбекқасы 155 мың, таза еңбекақысы 87 мың теңге. Жоғарыда көрсетілген мәселелерді ескере отырып, әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы мен аталған саладағы қызмектерлердің барлығына арнайы статус алу бойынша мәселелерді шешуді және аталған мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруіңізді сұраймын». 

Бүгін Сенат депутаттары жалпы отырыста Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы халықаралық жүк тасымалдары туралы» жаңа заңды қабылдады. Бұл құжаттың маңыздылығы жоғары. Айталық, енді Қазақстан мен Түркі мемлекеттері арасында тауар айналымы артып, тауар тасымалдау жеңілдейді.