Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітірген түлектер арасынан көрнекті ғалымдар, атақты ақындар мен жазушылар, аудармашылар шыққан. Біздің факультетіміз оларды мақтан тұтады. Үлгі тұтатын  түлектеріміздің бірі де бірегейі профессор Өтеген Күмісбаев.

Өтеген Күмісбаев - ақын, филология ғылымдарының докторы, профессоры. Сонымен қатар филология факультетінің түлегі. Біз бұл есімді мақтанышпен айтамыз. Шығыс әдебиетін зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан Өтеген Күмісбаевтың   «Терең тамырлар», «Абай және Шығыс», «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі»  т.б. монографиялары жарық көрген.

Қазақ  білімінің  қарашаңырағы Қазақ ұлттық университетін 1963 жылы үздік тәмамдап, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бөлімінде, «Социалисттік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде (1963–69), КСРО Ғылым Академиясының Шығыстану институтында (1969–74) қызмет атқарды. 1974 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, ҚазҰУ-де оқытушылық қызметте болып, 1989 жылы «ХІХ–ХХ ғғ. қазақ және парсы әдеби байланыстары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның  еңбектері қазақ ғылымына  сүбелі үлесі қосты. 60 жылдан астам уақыттан бері ғылымнан, шығармашылықтан  қол үзбей және соңғы 40 жылдан астам ұлттық университетімізде қызмет еткен.

Аударма қиын да қызықты өнер. Аударматанушы Әбен Сатыбалдиев «Аударма ерікеннің ермегі емес»,-деп айтқандай аудармашы Өтеген Күмісбаев Шығыс әдебиетінің өшпес мұраларын қазақ тіліне тәржімалады. 2009 жыл 2 шілдесі күні «Түркістан» газетінде» жариялаған мақаласында Өтеген Күмісбаев парсы әдебиетiнiң классигi Фирдоусидің «Шахнаме» шығармасы туралы, оны кімнің нұсқасынан, қалай тәржімалағандығы туралы айтқан.

Әбілқасым Фирдауси  — шығыстың белді  ақындарының бірі. Ол “Шахнама” дастанын  35 жыл бойы жазған, ол 55 мың бәйіттен (қостағаннан) тұрады. 1-нұсқасы 994 ж., 2-нұсқасы 1010 ж. біткен, тұңғыш рет 1829 ж. Үндістанда жарық көрді. “Шаһнаманы” қазақ тіліне аудару ісі 19 ғасырдың 30-жылдарынан бастап қолға алына бастады. 1856—1870 ж. Ораз Молда “Шахнаманың” үш аудармасын жасады, 1888 ж. Сердәлі ақын бір тарауын, 1914—1915 жылдары Мұхамеджан Сералин (1872—1929) “Рүстем және Зораб” деген бөлімін аударған. “Шахнаманы” тәржімалауда Тұрмағамбет Ізтілеуов көп еңбек етті.  “Жәмшиднама”, “Рүстем-дастан”, “Дарап-нама” деп аталатын 3 бөлімін қазақ тіліне аударған. Ақын Б. Алдамжаров “Мәнушеһір” тарауын тәржімалаған.

Аудармашы Өтеген Күмісбаевтың аудармаларының бір ерекшелігі оқырманға түсінікті, ойы қарапайым, стилі жатық болып келеді. Аударма нұсқадан түпнұсқадағы ой, стиль сақталғандығы байқалады. Мысалы, « Қашқын ақын» бөлімін былай береді: «Сұлтанды өлтiрiп сабаған сатираның жаңғырығы Махмудтың құлағына тез жетедi. Сұлтан: “тезiрек ұстап алып, пiл табанына салып өлтiрiңдер” деп әмiр бередi. Сол күннен бастап Фирдоуси қашқын ақын атанады. Қыстақтан қыстаққа, таудан тасқа тығылып кете барады. Халық Фирдоусиды сұлтан қаһарынан құтқарып, алыстарға ұзатып сала бередi. Сатираның ащы уы жерден жерге, елден елге жетiп, жетесiз сұлтанды сөзбен жерлейдi. Сонда Фирдоуси Махмуд сұлтанға хатында не деген екен:

Кешiрдiң шаһы Махмуд хан
Ойлап-ойлап мен аң-таң.
Уәде Алланың аты деп,
Айтып кеткен қандай жан?

Уәдесiне тұрмаса
Бұл адамның несi адам?
Адамға “ұлық” ат қойған
Уәдесiз болса несi адам?!

Сылап-сипап қайырса,
Қолға қарға қонар ма?
Қондырғанмен қолыңа
Қаршығадай болар ма?

Алтынменен аптаса,
Күмiспенен күптесе...
Ескi құлағы елбеңдеп
Есегi тұлпар болар ма?

Жарқанаттың сүймесi -
Жарқыраған күн көзi
Күнсiз жерге үйренiп,
Сүйiп алған түндi өзi, - деп Фирдоуси уәдесiз сұлтанды қарғаға, есекке, жарқанатқа теңейдi. Сөйтiп сүйкiмсiз сұлтан бүкiл дүйiм жұртқа масқара болады». 

Шығарманың құндылығын, ой оралымдарын  нақты бере білген. Аудармашы Өтеген Күмісбаевтың тағы бір ерекшілігі ол  ақын. Яғни поэзияның құдіретін  біледі,түсінеді. Сондықтан да болар Өтеген ағай поэзиялық шығармаларды жақсы аудара біледі. 

Иран әдебиеті туралы монографиясы да Шығыс әдебиетін зерттеп жүрген ғалымдарға таптырмас еңбек екендігін айтуға болады.

Қазыбек Гүлмира Құдайбергенқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің қауымдастырылған профессоры

Дауылова Динара Жакыпбековна, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің 2-курс докторанты