Шетке шыққан заңсыз активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қаржы министрінің есебіне сенсек, бүгінде бюджетке жемқорлардан 150 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Оның жартысынан көбі, 90 млрдқа жуығы Қазақстанның әр өңірінде 62 мектеп салуға деп бөлінсе, қалған 60 млрд қаражат үш ауысымды мектептер проблемасын шешуге жұмсалуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілісте қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты. Толығарақ тілші бейнематериалында.
Шетке кеткен ақша, ұрланған байлық. Бүгін Мәжіліс депутаттары осы мәселені сөз етті. Бүгіннің өзінде талай миллардтар қазынаға қайтарылған. Алайда әлі де атқарар жұмыстар көп. Жыл сайын елімізден 200 млн доллар сыртқа шығаралады. Оған тосқауыл қою керек. Бүгіннің өзінде 500 млрд теңгенің күмәнді келісімшарты анықталыпты. Ол бойынша алда жұмыстар жүргіземіз,- деді қаржы министрі.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Кейбір шенеуніктер заңның солқылдақ тұсын пайдаланып.30 жыл бойы шенеуніктер мен олигархтар капиталдың бәрін офшорға шығарып тұрды. Менің ақпаратым бойынша қазір офшорлық аймақта 45 млрд-қа жуық осы елдің, халықтың ақшасы офшорда жатыр. «Текст Жастис» деген ұйымның мәліметінше, жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар капитал шығарылады. Осыған байланысты қысқаша сұрақ. Сіздің мекемеңіз, Үкімет, осы офшордағы 45 млрд-қа жуық ақшаны қайтару үшін қандай жұмыс істеп жатыр? Қандай шара қолданып жатырсыз?»
ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: «Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару бойынша комиссия кешенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бірнеше тұлға реестрге кіргізілді. Ол тұлғалармен Бас прокуратураның арнайы комитеті жұмыс істеп жатыр. Министрлікке келетін болсақ, бізде арнайы офшорлық аймақтардың тізімі бекітілген. Ондай аймақтармен жүргізілген операциялар күмәнді болып саналады. Ол жерде тексеру барысында трансферлік баға берілу күшейтіледі. 55 мемлекетпен қосарланған салықты жүргізбеу бойынша конвенциялар бар. Соңғы 1-2 жылда еліміздегі валюталық реттеу мен бақылау Ұлттық банктің құзыретінде болған мәселе болған. Біз заңға тиісті өзгерістерді енгізіп, Қаржы министрлігі валюталық бақылауға қосымша орган ретінде қосылып отыр».
Одан бөлек, бүгін мәжілісмендер шекарадағы кептеліс проблемасын көтерді. Ұзын-сонар кезек, салдарынан кешіккен тауар, жүйкесі жұқарған жүргізуші. Кеден бекеттерінде цифрландыру енгізілсе де кезек азаяр емес. Неліктен, бұл мәселеге ешкім бас ауыртып жатқан жоқ,-дейді депутат Мақсат Толықбай.
МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Шекара пунктерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша шаралар қабылдап жатырмыз, дамытып жатырмыз дейміз. Бірақ осыған қарамастан Қазақстан-Қырғызстан шекарасына барсаң, үнемі ұзын-сонар кезек, жүк көліктерінің кептелісі бірнеше шақырымға созылып жатады. Қазан айында БАҚ-та 600-ге жуық көлік апталап кезекте тұрғанын, кейбір тауарлардың мерзімі өтіп кетіп жатқанын хабарлады. Ол тек қырғыз шекарасындағы жағдай емес, Ресей шекарасына барсаң да осы. Үнемі айғай-шу, үнемі дау-дамай. Жалпы бұл проблеманы қашан шешеміз? Осыған бас ауыртып жатқан адам бар ма?»
ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: «Бас ауыртып жатқан мемлекеттік органдар бар. Өздеріңіз білесіздер, аталған бекеттер екі тарапқа бөлінеді. Біріншіден, бұл сыртқы шекара бойынша бекеттер. Олар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің қарамағында. Сондай-ақ ішкі, яғни Еуразиялық Одақтың ішкі шекаралары. Бұл жерде кеден бекеттері жоқ. Сол себепті бұл шекаралық қызметке немесе Көлік министрлігіне қатысты».
Ал, енді бір топ депутат жылыту маусымына дайын болмаған үкіметті сынады. Министрлерге жиындарды қысқартып, жылы кабинеттен шығып, осы аязды күні халықпен бірге болыңдар деп кеңес айтты.
ЕРЛАН САЙЫРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бірінші күні-ақ аяз түскенде еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Рас, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 пайыздан асып кетті. Ал олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл қауіпті жағдай. Былтыр Екібастұз, Риддер, Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі. Бұл тізімге Сарань қаласы қосылды. Техногендік қауіп-қатердің географиясы геометириялық прогрессиямен өсіп барады. Соған қарамастан, біз жылына бұл салада тек 5-7 процентке ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті, елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы мүмкін. Шіріген құбыр, ескірген қазандық, «кеңестік заманнан қалған» сорғыларды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін бәріміз білеміз».
Олигархтар протекцияны пайдаланып, өздері пайдаға кенеліп, шығынды мемлекет пен халыққа ысырып тастаудың дәстүрін тыятын кез жетті деп санайды депутаттар. Бұл саладағы әрбір жемқорды қатаң жазалау керек дейді олар.