Ата заң күні қарсаңында Шиелі ауданының үй кезегінде тұрған 72 отбасы баспаналы болды. Көпшілікті қуанышқа бөлеген салтанатты шараға облыс әкімімен қатар, өңірдің құрметті азаматтары қатысты. Тақырыпты тілші тарқатады.
72 пәтерлік тұрғын үй "Көкшоқы" шағын ауданында бой көтерген. Пәтерлер комиссия шешімімен заң аясында барлық санатқа бөлінді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 480 млн. теңге қаржы қаралып, 50 тұрғын үй құрылысы басталған. Жыл соңында бұл үйлер де халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берілмек.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Конституция күні қарсаңында аудан орталығынан жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, 70-тен аса отбасының қуанышын еселемекпіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек», – деген болатын. Айта кетейік, мамыр айында Шиелі ауданындағы көпбалалы отбасыларға 20 тұрғын үйдің кілті табысталған еді. Оған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 833,2 млн теңге қаржы бөлінген».
Баспаналы болған азаматтардың алды 10 жылдан астам уақыт кезекте тұрған. Олардың бірі Жандос Шәдібек. Ол ата-анасынан ерте айырылған азамат. Қазіргі күні студент. Жаңа баспанаға 14 жылда қол жеткізіп отырмын дейді.
ЖАНДОС ШӘДІБЕК ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «2009 жылы үй кезегіне тұрдым. Міне бүгін жаңа баспананың кілті қолыма тиді. Өте қуаныштымын. Өзім қазіргі күні Алматы қаласында студентпін. Оқуымды тәмамдаған соң ауданға келіп, қызмет етемін».
Қазір Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып, жаңа заманауи нысандар бой көтеруде. Облыста соңғы үш жылда жалпы ауданы 231 мың шаршы метрді құрайтын 2 868 пәтерлік 148 тұрғын үй салынды. Биыл 31 млрд. 400 млн. теңгеге 130 мың шаршы метрді құрайтын 1 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта 1430 пәтерлік 30 үй халық игілігіне табысталады. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд. 200 млн. теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн.теңге, барлығы 1 млрд. 700 млн. теңге қаражат бөлінді. Несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша биыл Қызылорда қаласында 520 пәтерлік 11 тұрғын үйді салып, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауында 84 пәтерлік жеті қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталды.