Ыбырай Алтынсарин – қазақтың атақты ұстазы, ақын, жазушы, фольклоршы, қоғам қайраткері, ел мақтанышы, ұлттық бірегей тұлға. Биыл Ыбырай Алтынсариннің мерейтойы. Туғанына 185 жыл толып отыр. Университет деңгейінде осы аталған мерейтойға арналып арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар өте көп болды.

          Ы.Алтынсарин мұраларының ішіндегі ең құнды еңбектерінің бірі деп оның аудармаларын айтамыз. Аударма көне де жаңа ғылым екендігі даусыз. Аударманың өзіндік тарихы сонау ерте ғасырлардан басталады. Қазақ аударматану ғылымының басында Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсарин тұр. Ыбырай Алтынсарин Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, В.И.Даль, К.Ушинский, И.И.Паульсон т.б. шығармаларын қазақ оқырмандарымен таныстырды. Атақты жазушы, тарихшы Илэр Бэлекк: «Аударма дегеніміз отандық әдебиеттің керемет шығармасы болып қабылдануы тиіс», - деп айтқандай Ы.Алтынсариннің аудармалары қазақтың төл шығармаларына айналды десек артық айтпаймыз. Зерттеуші Р.С.Каренов: «Алтынсарин аудармаларының мысал жанрының қалыптасуына негіз болуы, қазақ əдеби тілінің дамуына жол ашуы», - деп жазушының аудармашылық қызметіне жоғары баға берген.

          Байқағанымыз, Ы.Алтынсарин кез – келген шығарманы аудармаған. Ол аударма нұсқаларды тек ағартушылық тұрғыдан ғана саралап алған. Шағын әрі оқырманға тәрбие беретін, эстетикалық тұрғыдан сұлу шығармаларды аударған. Көбінесе прозалық шығармаларды аударған, поэзиялық шығармаларды аз аударған. «Бір уыс мақта», «Жамандыққа жақсылық», «Алтын шеттеуік», «Үш ұры», «Аурудан – аяған күштірек», «Силинші деген ханым», «Тышқанның өсиеті», «Мұңсыз адам» , «Тəкаппарлық» , «Данышпан қазы» т.б. шығармаларды аудару кезінде аударманың еркін түрін пайдаланған. Еркін аударма болса да түпнұсқаның ойын, стилін, жазушының жазу мәнерін дәл беруге тырысқан.

          Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және «Тұран» университетінің оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер мен магистранттары Ы.Алтынсариннің педагогикалық қызметі мен аудармашылық қызметіне арналған түрлі дөңгелек үстелдер мен мерекелік іс-шаралар өткізуде. Әсіресе, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ұйымдастыруымен факультет студенттері мен магистранттарының арасында «Ы.Алтынсарин – көркем аударма шебері» деген тақырыпта ашық пікірсайыс ұйымдастырылды. Онда аудармашының аударма еңбектері, аудармаларының сапасы, артықшылықтар мен кемшіліктері т.б. туралы айтылды. Болашақ аудармашылар өз ойларымен бөлісті.

          Сонымен қатар Ы.Алтынсарин шығармаларының өзге тілдерге аударылу тарихына байланысты біраз мәліметтер айтылды. Ы.Алтынсариннің аудармашылық еңбектеріне арналған ғалымдардың еңбектеріне тоқталып, құнды пікірлерімен бөлісті. Студенттер Ы.Алтынсарин шығармаларын өздері де ағылшын, неміс, француз, испан тілдеріне аударуға тырысты. Бұл қуантарлық жағдай.

          Ы.Алтынсарин сияқты асыл азаматтарымыздың еңбектерімен өзге елдердің таныс болуы керек деп ойлаймыз. Тек биыл ғана емес, Ы.Алтынсариннің аударма мұраларына арналған кездесулер мен конференциялар жыл сайын дәстүрлі өткізіліп тұрады деген ниеттеміз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, қауымдастырылған профессор Г.Қ.Қазыбек

Тұран университетінің "Медиа және мәдениетаралық коммуникация жоғары мектебі" кафедрасының сениор лекторы Бектурова Э.К