Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Парктер шеруі – 2025» халықаралық табиғат қорғау акциясының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Акция аясында 8200 дана ағаш тұқымы себіліп, 10 тонна тұрмыстық қалдық жиналды. Толығырақ сюжетте.

Биыл 29-рет өткен экологиялық шара – Қазақстандағы экологиялық мәдениеттің қалыптасуы мен қоғамның табиғатқа жанашырлықпен қарауының көрінісі. Іле Алатауы ұлттық паркінде жыл басынан бері өткізілген 241 экологиялық шара мыңдаған адамның белсенді қатысуымен жүзеге асты. Сонымен қатар, 136 экологиялық сенбілік, 49 экотур мен дәріс, 56 ағаш отырғызу акциясы мен түрлі көрмелер, танымдық бастамалар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, 5-маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалында өткен ауқымды экологиялық акция 500-ге жуық адамның басын қосты. Қатысушылар арасында оқушылар, студенттер, тәрбиешілер, ұлттық парк қызметкерлері мен еріктілер болды.

ЕЛНҰР АХМЕТОВ, ІЛЕ АЛАТАУЫ МҰТП БАС ДИРЕКТОРЫ: “Осы іс-шаралардың нәтижесінде студенттер, оқушылар, балабақша тәрбиеленушілері және көптеген еріктілер белсенді қатысып келеді. Жыл сайын ұлттық табиғи парк аумағында құстарға ұя жасау, қоршаған ортаны таза ұстау, санитарлық жағдайды бақылау, өрт қауіпсіздігін сақтау, орман екпелерін отырғызу, көшет егу сияқты көптеген акциялар жүргізілуде.”

Шара барысында табиғатты тазалау мен қоқысты сұрыптау жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астында сурет салу сайыстары, экологиялық тақырыптағы спорттық квесттер мен ойындар ұйымдастырылды.

АНАР ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰПУ СТУДЕНТІ: «Бүгін – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Бұл күн тек эколог мамандар үшін ғана емес, табиғатқа бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды күндердің бірі. Біздің университетіміз осы жыл сайын атаулы датада әрбір іс-шараға қатысады. Атап айтатын болсақ: сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, эко-білім беру сабақтары, және де қоқыстарды жинау.”

1996 жылы құрылған Іле Алатауы ұлттық мемлекеттік табиғи паркі Қазақстандағы маңызды экологиялық орталықтардың бірі. Бүгінде қоршаған ортаны аялау, экобілім беру мен табиғатты қалпына келтіру бағытында көптеген бастамалар жыл сайын жүзеге асырылып келеді.

Айгерім Есімхан, Талғат Жанбота, Алатау ақпараты.