"

Қазақстан мен Катар ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнатады. Бұл аталған келісім бүгін Мәжілісте мақұлданды. Катарлық компания  Қазақстандағы 9 жобаға жалпы көлемі 20 млрд доллар инвестиция салғалы отыр. Алайда, депутаттар бұл келісімге күдікпен қарайды. Мұндай үлкен сомада инвестиция салуға неліктен Катар елі қызығушылық танытып отыр? Мұның артында діни ұйымдар тұрған жоқ па деп Ұлттық экономика министрлігін сұрақтың астына алды. Мәжіліс отырысынан толығырақ келесі бейнематериалда. 

Қазақстанға инвестиция тартуға Катар мемлекеті ниетті. Осы елдің байланыс саласындағы белді кәсіпорыны қазақстандық Теле-2 ұялы байланыс операторын сатып алмақшы. Алайда, депутаттар егер, шет ел иелік ететін болса, байланыс бағасы шарықтап кетпей ме деп алаңдайды. Депутат Ермұрат Бәпи, жалпы еліміздегі 9 жобаға 20 млрд доллар инвестиция салатын бұл не деген батпан құйрық? Оның артында «Ескі Қазақстан» тұрған жоқ па деп күмәнданады. 

ЕРМҰРАТ БӘПИ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «20 млрд. доллар. Бұл не деген батпан құйрық!? Саудия, Катар секілді елдерден келіп жатқан әріптестіктің артында “Ескі Қазақстан тұр” деген сарапшылық пікір бар. Біз бұған дау келтіріп жатуға мүмкіндік жоқ. Бәлкім, жуып-шайып ол ақшасын алып кететін шығар!? Құп! Бірақ осы елдерден келетін инвестициялардың діни идеологиялық жүктемесі жоқ па? Осы жобалардың астындағы бір пунктте “0,бәләмбай пайызы, бір-екі пайызы үкіметтік емес діни ұйымдарға жұмсалады деген талап бар. Осы талап біздің ұлттық мүддемізге, сыртқа теріс діни идеялық қатерге соқтырмай ма?Осы жағы тексеріле ме?»

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: «Діни жағына тоқталып кететіе болсам,  бұл келісімді заңды мемлекеттік органдар қабылдайды. Құқық қорғау органдары тексеретін болады. Сондықтан, бұл жерде ондай тәуекелдер жоқ деп ойлаймын. Құқық қорғау органдарының сараптаамсынан өтеді. Бұл жақта ешқандай “Ескі Қазақстан” жоқ. Катар елі қазір бүкіл әлемде осындай белсенді инвестициялық саясат жүргізіп жатыр. Олар Еуропаның футбол клубтарына дейін сатып алып жатыр. Сондықтан бұл өздерінің байлығы. Оны инвестициялап жатыр. Бұл дұрыс практика деп ойлаймын».

Бүгін Мәжіліс депутаттары Маңғыстау облысындағы оқушылардың жаппай улануынан кейін, мектептердің асханаларын қатаң бақылауға алуды, Біріңғай зейнетақы қорындағы артық қаражатты қайтадан үй жағдайын жақсартуға беруді, әуе билеттерінің бағасын арзандатуды сұрап, үкіметке сауал жолдады. Депутат Ерболат Сатыбалдин, бағасы аспандап кеткен әуе компанияларына шүйлікті. 

ЕРБОЛАТ САТЫБАЛДИН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Әлемде 9-орын алатын мемлекетіміз үшін әуе жолының маңызы айтпаса да түсінікті. Алайда ұшақтың бағасы күн санап аспандап барады. Астана – Ақтау бағытында билет құны 60 мың теңгеден түспесе, жаңадан құрылған облыстар бағытындағы, Астана-Семей 21-60 мың теңге, Астана-Жезқазған 21-60 мың теңге, Астана-Талдықорған бағытында орташа бағамы 40 мың теңге, - дейді депутат. Билет құнын әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны 80 пайызына жуығын құраса, қалған 20 бөлігі әуежай компаниясының табысы. Ал енді ұшу уақыты таянғанда Qazaq air компаниясының 21 000 теңге маңайында сатылатын билеттерді 60 мыңға дейін шарықтатып жіберетіні қалай? Жанармай мен әуежай қызметі бағасы өзгермесе, өзінің табысын билеттің құнынан үш есе өсіріп, қысылтаяңды пайдаланып ашкөздікпен пайда тапқаны ма? Бағаның бұлай динамикалық өсуі нарықтың сұранысымен түсіндірері хақ, алайда халықты кім ойлайды? Оқыстан өлім-жітімге, шұғыл шаруасы шыққан жандардың үстінен пұл айырып, қалтасын қағу, адамгершілікке сай ма?! Бұл баға жүйесі халықты қанауға ғана бағытталған».

Ал, депутат Ерлан Сайыров болса, ауылдық жерлерде банкінің қызметін атқарып отырған Қазпошта қызметін жетілдіруді сұрады. Егер, бұл проблеманы дер арада қолға алмаса, өңірлердегі ағайынның жағдайы әлсіреп, ауылдан халық жаппай көше бастайды дейді.  

ЕРЛАН САЙЫРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Көптеген шекаралас ауылдық елді мекендерде әлі күнге дейін ұялы байланыс, Интернет және пошта желілерінің жоқтығы құпия емес. Осы аймақтарға зейнетақы жеткізіп, күнделікті түрде бұқаралық ақпарат құралдарын жеткізіп отыратын кәсіпорын "Қазпошта". Ол алыс ауыл-аймақтағы азаматтарға банкінің рөлін атқарып, зейнетақы жеткізіп, ақпарат құралдарын тарататын "өмір жолы".Жылдан жылға ауылдық елді мекендерде мемлекеттік көмектің азаюына байланысты Қазпошта бөлімшелері жабылып жатыр. 2022 жылы 33 филиал жабылған, ал 2023 жылы 13 филиал жабылды. Осы үрдісті жалғастыра отырып, 900-ге жуық бөлімше жабылуы мүмкін. Шекаралас елді мекендердегі "Қазпошта" бөлімшелерінің жабылуы мемлекеттің саясаттың осы өңірлерде әлсіреуіне әкелуі Һақ».

Осылай деген депутат Қазпошта қызметін жетілдіруді ауылдық жерлерді дамыту бағдарламасына қоса енгізуді сұрады. Алайда, бұл аталған мәселенің   нақты шешім табары не таппасы ол алдағы уақыттың еншісінде.