2024 жылғы 24 сәуір күні Сүлеймен Демирел университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «6B037 – Филология» (қазақ филологиясы) білім беру бағдарламалар тобы бойынша XVII Республикалық пәндік олимпиада өтті. Аталған іс-шара еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы білім сапасын арттыру, студенттердің ғылыми-шығармашылық әлеуетін дамыту және кәсіби бағдарын айқындау мақсатында ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасның әнұранымен салтанатты ашылып, жұп-жұмыр, тиянақты өткен олимпиада республиканың білімді филолог жастарының басын қосқан, өз мүмкіндіктерін сарапқа салуға жағдай туғызған білім додасы болды.

Олимпиадаға еліміздің   жоғары оқу орнындарынан ең үздік деп танылып, іріктелген командалар қатысып, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімдерін сарапқа салды. Қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология мамандығының 3-курс студенттері Жақсылықова Сымбат, Арызбек Аружан, Алимова Гүлнұр университеттегі  1-кезеңдік байқауда оза шауып, өз білімдерін көрсетіп, 2-кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Топ жетекшісі ретінде ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Кулжанова Бакытгул белгіленді.

Байқау үш кезеңнен тұрды: алғашқы кезеңде қатысушылар берілген тақырып бойынша эссе, екінші кезеңде пәндік тест тапсырмаларын орындау, үшінші кезеңде кешенді тілдік және әдеби талдау жұмыстары жүргізілді. Бұл құрылым қатысушылардың ғылыми-теориялық дайындығын, талдау қабілеттерін және жазба сауаттылығын  талқыға салатын күрделі кезең.     Олимпиада жұмысына Сүлеймен Демирел университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының белгілі ғалымдары қазылық етті. Сарапшылар студенттердің жұмысын бағалау барысында объективтілік пен әділдік қағидаттарын ұстана отырып, олардың әрбір кезеңдегі көрсеткіштерін терең талдап, біліктілік деңгейін анықтады. Олимпиада өте тартысты өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен келген мықтылар бақ сынасты. Әр команда жеңісті қолдан бермеуге барын салды. Бірақ жарыстың аты-жарыс. Білім сарапқа салынды.

Нәтижесінде, байқауда үздік  нәтиже көрсеткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы І орынды иеленіп, республикалық пәндік олимпиада жеңімпазы атанды.  Олимпиада ережесіне сәйкес, жеңімпаз команда келесі жылғы республикалық пәндік олимпиаданы өз оқу орнында өткізу құқығына ие болды.

Аталған іс-шара филология саласындағы жас мамандардың кәсіби жетілуіне, олардың ғылымға деген қызығушылығын оятуға және жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға зор ықпал етті. Сонымен қатар, мұндай олимпиадалар арқылы ұлттық тіл мен әдебиетке деген құрмет артып, болашақ филологтардың сапалы даярлығына жағдай жасалуда.

Ыстық ықыласпен, ерекше қонақжайлық ілтипатпен   қарсы алып, төрін ұсынған, олимпиаданың өз дәрежесінде өтуіне бар жағдайды жасаған Сүлеймен Демирель университетінің басшылығына, оқытушыларына разы болдық. Студенттер білім додасында бақ сынасып жатқанда жетекшілерге университетті таныстырып, семинар ұйымдастырылуы да уақыт пен мүмкіндікті үнемді әрі сапалы пайдалануға жағдай туғызған ұтымды шешім болды.

Олимпиада жабылуы да ерекше форматта өтті. Әр қатысушы ерекше номинациялармен марапатталып, дипломдар табысталды. Университеттің өнерлі жастары қонақтарға   концерт ұйымдастырды.

Университетіміздің мерейін тасытып, атын асқақтатқан шәкірттерімізге алғыс білдіре отырып, болашақта мықты маман болып шығатынына бек сенімді болдық.

Кулжанова Бакытгул, Ф.ғ.к.,доцент, Әл-Фараби атындығы Қазақ Ұлттық университеті, Филология факультеті