Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері Қарағанды қаласындағы аудандардың бірінде жұмыс істеген есірткі зертханасын жою бойынша арнайы операция жүргізді. Іс-шара барысында саяжай аумағында ақ түсті ұнтақ тәріздес зат толтырылған 6 ағаш бөшке табылды. Кейінірек бұл бөшкелер BMW X5 көлігіне тиелгені анықталды. Көлікті 39 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны басқарған. Үйге тінту жүргізу барысында 1 тоннадан астам прекурсор және 10 келіден астам дайын есірткі — альфа-PVP тәркіленді.

ҒАЛЫМЖАН БЕКБОЛАТОВ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ; «Жүргізілген арнайы операция нәтижесінде 500мың дозаға жуық синтетикалық есірткі  қара нарыққа шығарылуына жол берілмеді. Қылмыстық іске қатысы бар тұлға уақытша ұстау изоляторына қамалды.Тәркіленген заттар бойынша сараптама тағайындалып қосымша тергеу амалдары жүргізілуде».