Қызылжар өңірінде көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Су үйлерге кірмеуі үшін қардан тазалау шаралары қарқын алуда.Суағарларды тазарту жұмысы 1 наурыздан бері жүріп жатыр. Облыс орталығында мұндай 228 шақырымға созылатын кәріз жүйесі жұмыс істейді.
Соңғы 7 жыл ішінде облыс орталығындағы суағарлар саны үш есе артқан. Нөсерлі жауын кездері кәріздерді тазарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
ӘСЕМ АЙТОЛЛА ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
«Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу бойынша шаралар жүргізіліп жатыр. Су тасқыны қаупі бар аймақтарда қар шығарылып, суағарлар тазартылып жатыр. Жалпы бүгінгі күнге дейін қала бойынша 930 мың текше метрден астам қар шығарылған болатын. 4 палигон жұмыс істеп жатыр қала бойынша».
Петропавлда нөсер кәрізін тазалау бойынша 5 бригада жұмыс істейді. Оған 20-дан астам техника жұмылдырылған. Ал қар шығару шараларына 200-ге тарта техника, 300-ден астам маман жұмылдырылды. Жеке секторларда да қар шығару жұмыстары жалғасып жатыр.
БАЛТАШ АЙТМОЛДИН – ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
«Мен жер үйде тұрамын. Биыл қар қалың. Сондықтан тек басты көшелерді емес, басқаларын да тазаласа деймін. Дәл біздің ауланы су басу қаупі жоғары. Қарды уақытында тазалап жатқаны қуантады».
Сондай-ақ, әр апта сайын облыс орталығында коммуналдық қызметкерлер мен еріктілердің қатысуымен сенбіліктер өткізіледі. Бұл жұмыстар күн жылынғанға дейін жалғасады.