Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев медицина мекемелеріне жаңа санитарлық автокөліктердің кілтін салтанатты түрде табыстап, Сыр медицинасының ілгерілеуіне жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Салтанатты іс-шарада облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарына 512,5 млн. теңгеге алынған 25 жаңа санитарлық автокөлік және құны 43,1 млн. теңге тұратын мүгедектігі бар балаларды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған автобус табысталды. Айта кетейік, 2022 жылы 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100% қамтамасыз етілді. Келер жылы да денсаулық сақтау ұйымдарын санитарлық автокөліктермен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатын болады.
Шара барысында бірқатар үздік қызметкер марапатталды. Қызылорда облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 11 млрд. теңгені құрайтын 27 нысан құрылысын салу жоспарланған. Жуырда аймақтың 7 ауданында 15 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қалған нысандардың құрылысы келер жылы жүргізілмек.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ