Қызылорда өңірінде егін жинау науқаны басталып, күрішке орақ түсті. Сырдың суына малынып, дала төсін алтын түске бояған Жаңақорғанның «ақмаржаны» пісті. Алғашқылардың бірі болып Қожакент ауылдық округіндегі «Нұрбол И» шаруа қожалығы егінге орақ салды.

Жалпы Қызылорда облысы бойынша 89 мың гектарға күріш егілсе, соның 7600-ден аса гектары Жаңақорған ауданында. Бел жазбай еңбек еткен шаруалардың жемісін енді жинап алу қажет. Егіс алқабын баптаған шаруалар үшін орым науқаны өте маңызды болып тұр.

Биыл су тапшылығы айтарлықтай сезілген. Дегенмен мамандардың айтуынша күріштің шығымы жақсы болған.

ТАЛҒАТ ЗЕЙДӘЛИЕВ ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Тамыз айынан бастап бізде анық су тапшылығы сезіле бастады. Біз бірден тамыз айының 8-інен бастап, 250 кубқа дейін Сырдария өзенінен төмендеген су мөлшеріне сәйкес, 4 округтен Киелі төбе магистральді каналы бойындағы бекеттермен су кезектестіру тәсіліне көштік. Нәтижесінде, қазіргі таңда сол бекеттер бойынша екі кезектен су ішіп, сусыз қалу қаупі болған 1600 гектарды 300 гектарға дейін төмендеттік. Соңғы 300 гектарымыздың өзі қазір су ішіп, вегатациялық кезең сәл кешіктіргенімен ораққа ілініп, орташа егістікте төмен болуы мүмкін».

«Нұрбол И» шаруа қожалығы — 2006 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан берекелі ұжым. Шаруашылықта егінді оратын техникалар талапқа сай. Жыл сайын ауылшаруашылық саласында молынан өнім алатын шаруа қожалығында 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Шаруалар «Лидер» сортымен қатар биыл күріштің «Маршал» деп аталатын жаңа күріш түрін де еккен.

ИЗАТУЛЛА ҮСЕНОВ «НҰРБОЛ И» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Биылғы жылы 60-70 центнерден күріштен өнім алсақ деп межелеп отырмыз. Техника саны 3 комбайн бар оратын. 3 подборщигіміз бар оның ішінде торм бар. Сол подбощиктермен жинаймыз құдай қаласа. Жауын-шашынға қалдырмай уақытылы жинап аламыз деген ойдамыз».

ӨМІРБЕК ҮСЕНОВ КОМБАЙНШЫ:

«Бұрынғы техникалар күніне 20-30 тонна бастырса, бұлар күніне 80-90 тонна бастырады. Жағдайлары керемет жалпы. Ішінің барлығы компьютер. Рөлден түскенде өзі автоматты түрде өшеді 10 минуттың ішінде. Жалпы қауіпті ештеңе жоқ».

Айта кетейік, жалпы аудан бойынша күзгі егін жинау науқанына 207 трактор мен 70 комбайн жұмылдырылмақ. Оларға 1487 тонна дизель отыны бөлінген.