Жол сапасы сын көтермейді. Жаңадан төселген асфальттың өзі қолмен ұстасаң болды, үгітіліп қалады. Осылай деген Үкімет басшысы Олжас Бектенов жолшылар жұмысын сынға алды. Жалпы, көлік министрлігі оңбай сөз естіді. Өйткені, дәл осы жауапты органга халық тарапынан шағым да көп. Сонымен, айтылған сын-ескертпе қашан өз шешімін табады? Биыл қандай жаңа автожолдар іске қосылады? Ақылы жолдың тарифі көтеріле ме? Толығырақ алдағы бейнесюжетте.  

Көлік жүргізушілер мен жолашулар назарына! Биыл құрылысы сағызша созылған бірқатар автожолдың ақыры құрылысы аяқталатын болды. Олар: «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» және «Талдықорған – Өскемен» тас жолы. Жол азабын жүрген білер демекші, халық бұл күре жолды күткелі қашан. Әйтеуір арман орындалатын болды. 

МАРАТ ҚАРАБАЕВ ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
«Ағымдағы жылы 12 мың шақырым жолда жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұл бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Бұл ретте, жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желіге тиесілі. Жылдың соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады. Жоспарға сәйкес, 1 мың 955 шақырым болатын 4 автожол жобаларында реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, олардың 1 мың 866 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысы ашылды».

Биыл 2 мың шақырымнан астам 11 учаске ақылы негізде болады. Олар: Қызылорда-Арал; Ақтөбе-Орынбор; Қостанай-Тройцк; Ақтау-Бейнеу; Қандыағаш-Мақат; Балқаш-Бурылбайтал; Үшарал-Достық; Қарағанды және Тараз қалаларының айналма жолдары. Айтпақшы, алдағы уақытта ақылы жолдар ақшасы 20 пайызға қымбаттайды. Ал, жолдың ақшасын уақытында төлемегендерге 5 АЕК негізінде айыппұл салынады. 

МАРАТ ҚАРАБАЕВ ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
«Бюджетке артық салмақ түсірмеу мақсатында ақылы жолдарды енгізу жұмыстары жалғасады. Бүгінде ақылы жолдың жалпы ұзындығы 3 200 шақырым. Былтырдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды. Ол қаражат жолды күтіп ұстауға, жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалды».

Премьер-министр жолшылар мен әкімдер жұмысын сынға алды. Жауапты министрлік бірінші кезекте тұрғындар мен жолаушылардың шағымдарына дер кезінде назар аудару керек. Жол құрылысы кезінде жемқорлық тәуекелдерін азайту жұмыстарын да күшейту қажет деп тапсырма берді. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«Жолдардың жағдайына қатысты айтылып жатқан арыз-шағымдар азаймай отыр. Олардың негізгі бөлігі жергілікті жолдарға қатысты. Мұндай мысалдар көп. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті – жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр. Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Ал әкімдіктер қайда, неліктен күнделікті сапалы бақылау жүргізілмей жатыр?».

Одан бөлек, министр су тасқыны кезінде шайылып кеткен жолдарға қатысты да тапсырма берді. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«Су тасқыны кезеңі қолданыстағы жолдарда міндетті түрде су өткізу құрылыстарының болу қажеттігін көрсетті. Қаншама жол шайылып кетті. Жиналған суды өткізіп жіберетін құбырлар салынғанда, жолдардың көпшілігін сақтап қалуға болатын еді. Осыған байланысты Көлік министрлігі қолданыстағы инфрақұрылымды қайта қарауға тиіс. Жергілікті гидрогеологиялық жағдайды, жаңа технологияларды енгізуді және жобалық шешімдерді цифландыруды ескере отырып, жаңа жол-құрылыстарын жобалау кезінде нормативтерді жаңарту қажет».

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап елімізде жалпыға ортақ жолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынуы мүмкін. Өйткені, мұндай көліктер аса ауыр салмақта болғандықтан, жолдарды бұзуы ықтимал. Сондықтан, министрлік заңға өзгеріс енгізу керек деп санайды.