"
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Маңғыстауға іс сапармен барып, Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, газ өңдеу зауытының құрылысын көріп қайтты.
Үкімет басшысы Маңғыстау өңіріне жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттер шеңберінде, Жаңаөзен моноқаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру сапасын арттыру, халықты жұмыспен қамту және басқа да маңызды бағыттардың қарқынын тексерді. Одан бөлек Олжас Бектеновке қаладағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы барысы туралы баяндалды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 900 млрд м3 ілеспе мұнай және табиғи газ қоспасын, сондай-ақ жылына 5 мың тонна газ конденсатын құрайды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында басталды, екі іске қосу кешенін толық аяқтау 2027 жылдың басына жоспарланған.
АБАЙ МОЛБАЕВ «ҚАЗАҚ ГАЗ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ» ЖШС ҚҰРЫЛЫС ДИРЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Бүгінгі таңда барлық инженерлік, геодезиялық, геологиялық, гидрометрологиялық және экологиялық зерттеулер толықтай аяқталды. Жоспар бойынша жаңа газ щауытының құрылысы 2025-ші жылдың қаңтар айында басталып, толықтай аяқталу және іске қосылуы 2027-ші жылдың ақпан айы деп белгіленіп отыр».
Олжас Бектенов Құрық теңіз портын да аралады. Премьер-Министрге жыл басынан бері жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 1,5 млн тоннадан асқаны, жыл соңына қарай көлемі 2,2 млн тоннаға дейін жеткізілетіні баяндалды. Биыл тереңдету жұмыстарын аяқтап, астық терминалын іске қосу жоспарланып отыр. Логистикалық кластер құру және паром флотын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
АЙТҚАЛИ НҰРМАҒАМБЕТОВ «ҚҰРЫҚ ПОРТ» ЖШС МАРКЕТИНГ СЕКТОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Құрық теңіз порты жыл бойы автокөлік және теміржол паромдарын қабылдай алады, осы мақсатта мамандандырылған 4 айлақ бар. Теміржол тасымалы 4 млн ал көлік тасымалы 2 млн жүкке дейін қабылдауға қауқарлы. Қазір айлақты тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Ал кеме жүретін теңіз жолы тереңдетілді. 60 пайыз жұмыс бітіп тұр. Қазір Құрық портында жылына 1 млн тонна астық қабылдайтын терминалдың құрылысы салынып жатыр. Осы айдың соңында тестілеу режиміне қосылып, алғашқы жүкті қабылдайтын болады».