Жайлы мектептер оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының елімізге керекті, өте маңызды жоба екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бастамасы. Біріншіден, жоба арқылы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы сияқты кешенді проблемалар шешімін табуы тиіс. Екіншіден, салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін және ондағы демографиялық ахуалды ескере отырып айқындалған».
Сондай-ақ үкімет отырысында су тасқынынан келетін қауіпте назардан тыс қалмады. Олжас Бектеновтің айтуынша жауапты министрліктер мен өңір әкімдері селқостық танытуға жол бермеулері керек.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Өңір әкімдері су тасқыны мәселелерін жеке бақылауда ұстауы тиіс. Бұл орайда Төтенше жағдайлар министрлігінің үйлестіруші рөлі өте маңызды. Министрлік жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуында су тасқыны кезеңіне дайындықты тексереді. Барлық өңірлер су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар мен су басқан ғимараттар және инфрақұрылым зардап шегеді. Яғни, бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді».