Үндістанның Индаур қаласында гүлдер фестивалі өтті. Көрмеге барлығы 162 түрлі, жалпы саны 2400 раушан гүлі қойылды.
Көздің жауын алып,иісі мұрын жаратын мына гүлдер елдің әр аймақтарында, сонымен қатар Непалда өсірілген. Гүлдерді иіскеуге, ұстап көруге болады.
КӨРМЕ ҚОНАҒЫ: «Бұл жердегі біз күнделікті өмірде кездестірмейтін гүлдерді тамашалау керемет дүние. Мұндай сорттарды тек көрмелерден ғана көреміз».
Шара Индаурда 36 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Пандемия кезінде көрме онлайн режимінде өтті. Ұйымдастырушы қоғам 1979 жылы құрылған. Ол жыл сайын Мадхья-Прадештің бау-бақша бөлімімен бірлесіп Бүкіл Үндістан раушаны көрмесін ұйымдастырады. Мадхья-Прадеш астанасы Бхопалда осы өсімдіктердің 50-ден астам питомниктері бар. Раушан гүлдері ежелгі Римде өсірілді. Қазіргі сорттардың көпшілігі будандастыру нәтижесінде пайда болды. Раушан гүлдері әдетте жылуды жақсы көреді, бірақ кейбір түрлері суық климатта өмір сүруге бейімделген.