"Ұстаздар күні" мерекесі қарсаңында "Даналық – ұстаздан" челенджі бастау алды. Бұл тағлымды іс-шараға Алматыдағы №207 мектеп-лицейінің ұжымы да бір кісідей атсалысты.

Наурызбай ауданы, "№207 мектеп-лицей" КММ директоры - Алия Сейдекәрімқызы "Даналық-ұстаздан" челленджі аясында  барлық білім беру ұйымының ұстаздарын мерекемен шын жүректен құттықтап, білім алушылар “Ұстазым” әнін хормен шырқады!

"Тәуелсіз еліміздің ертеңі білімді ұрпақ десек, оларға білім нәрін сіңіріп, кеудеге рухани нұр құятын, құрметті ұстаздар - Сіздерсіздер! Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: "Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек" дейді. Сіздер жастардың болашағын айқындайсыздар, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті - жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады", - дейді өз құттықтауында мектеп директоры Алия Сейдекәрімқызы.

Бүгінде, мұғалім болу - мамандық болса, ұстаздық ету - қасиетке айналып отыр. Яғни, ұстаз болу - адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі.

Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді.