Әйел мен баланы қорлағандарға аяушылық танытуға болмайды. Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаға қатысты пікір білдіріп, парламент мінберінен депутаттық сауал жолдады. Мәжілісте көтерілген өзекті мәселелер туралы алдағы бейнематериалда.
2025 жылдан бастап елімізде әскери қызметтің жаңа түрі - резервтегі қызмет пайда болады. Мәжіліс депутаттары жаңа құжатты бекітті. Ол кәмелетке толған азаматтарға қатысты. Іріктеуден өткендермен үш жыл келісімшарт жасалады. Соның негізінде олар ай сайын қысқа мерзімді оқудан өтіп отырады. Осылай деп баяндама жасаған Қорғаныс министріне депутатардың сауалы көп болды.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Қателесуім де мүмкін, бірақ осы уақытқа дейін «министрдің баласы, әкімнің баласы әскерде жүр» дегенді естімедім. Осы заңның аясында жоғары лауазымды тұлғалардың өздерін не балаларын екі айлық әскери дайындыққа міндеттейтін норма қарастыруға бола ма».
РУСЛАН ЖАҚСЫЛЫҚОВ ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ: «Әскерге баласын жіберетіндер бұл туралы жария етпейді. Бәріне мақтану үшін емес, шын жүректен патриот болу керек. Мен мысал келтіргім келеді. Бұрынғы ІІМ басшысы, менің бұрынғы басшым Қалмұханбет Қасымов екі жиенін жетектеп әкеліп, сарбаз болып қызмет етуге әскерге әкелген. Бұрынғы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлы беделді мектепті бітірген соң, сарбаз болып әскер қатарына қосылды, ал қазір ол АҚШ-тағы әскери училищеде курсант. Министерлердің, депутаттардың ұлдары деп норма қарастырудың мағынасы жоқ. Заң бәріне бірдей. Бірақ бұл норманы жүзеге асыруды әрқайсысымыз өз-өзімізден сұрауымыз керек».
Депутаттардың сауалы да көп. Олар әсіресе, соңғы кезде қоғамды дүр сілкіндірген оқиға – зорлық-зомбылыққа қатысты заңды тез арада қайта қарап, әйелдердің құқығының қорғалуын сұрайды. Мәжілісмендер келтірген дерекке сүйенсек, 2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40 пайызы жеткен екен. Абьюзерлердің көбіне кешірім беріліп, босаған, ал олардың тек 39 пайызы ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауда отырған.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Жемқорлық үшін сотталып, артынан рақымшылыққа ие болған экс-шенеунік өз әйелін өлтірді» деген күдікпен жантүршігерлік ашық ақпараттардан қоғам дүрбелеңге түсті. Жығылғанға жұдырық демекші, араға 1 апта уақыт салмай, Талдықорғандағы полицияның қызды зорлау фактісі есеңгіреген қоғамға одан сайын соққы болды. Бұл фактілер, аталған ауыр қылмыстар зорлық-зомбылық мәселесіне қайта назарымызды салып отыр».
Ал, депутат Ринат Зайытов ұлттық біріңғай тестілеу «ұлттың болашағын тоздыру үшін жасалып отыр ма?» деп ашуланды. Себебі, тест тапсыру бағасы екі есеге қымбаттап кеткен. Ол да халықтың қалтасын қағу деді.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Дәлірек айтсақ, келісім жасалғаннан бері ҰБТ-ның бағасы 2 240 теңгеден 5 640 теңгеге, яғни екі есеге өсті. Бұл бір. Келесі, өңірлерде 114 ҰБТ өткізу пункті жабылып, тест тапсырушыларға қосымша жол мен жатын орын шығынын алып келді. Мысалы, тест тапсыру - ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Олар баласын қолдап, барын салып орталыққа баруға мәжбүр. Өйткені, тестілеу пунктері аяқ-жетім жерлерден алыстап кетті. Онсыз да табысынан шығыны көп халыққа, бұл тағы бір салмақ болып отыр».
Баға демекші, қымбат азық-түлік, ет бағасымен бірдей теңескен көкеніс бағасы да депуттардың назарына ілікті.
АЙДАРБЕК ҚОЖАМЖАРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Биылдан бастап біздің жылыжайшылар қызанақ өсіруді қойды, себебі шығынын ақтамады. Ал нәтижесін қазір көріп отырмыз. Дәл қазір базарға барсаңыз, келісі 1000 теңгеден төмен қызанақ таппайсыз. Ал жаңа жылда үстелдеріңізге қызанақ пен қиярды еттің бағасымен сатып алып қоюға дайын отырыңыздар. Осы орайда орынды сұрақ туындайды: неге сол импортерларыңыз былтыр 200 теңгеге сатқан қызанақты қазір 800 теңгеден сатады?»
Осылай деген депутаттар көкеніс бағасын төмендету үшін жылыжай салуға үкіметтен көмек берілу керек. Шеттен келетін шетелдік өнімдерге бақылауды күшейту керек дейді.