Абай облысындағы Қарауыл елдімекенінің тұрғындары өз қаражаттарына саябақ  пен балалар ойын алаңын салып алды. Ауылдағы Шәкәрім және Ұлжан көшесінде тұратын 150 үйдің тұрғыны ала жаздай тынбай еңбек еткен. Бұл игі іске ауылдың бұрынғы тұрғындары да демеушілік жасаған. Осылайша жалпы соммасы 12 млн теңге қаражат жинап, саябақтың ішінен футбол мен балалар ойын алаңын салып берді.

Бүгін ауыл іші мәре–сәре. Тұрғындар тіпті жауған жаңбырға да мән берер емес. Әсіресе балалар мәз. Ойын алаңының ашылуын асыға күтіп жүр. Жастар жағы болса ұлттық киім киіп, ауыл ішін әнмен күйге бөледі.

Халық игілігіне берілген саябақты ауыл ақсақалдары ашты. Әжелер шәшу шашып, шараны ажарландыра түсті.

АБДІРАХМАН ТЕМІРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ Бүкіл халықтың арқасында салынып отыр. Осы Бидайық саябағымыз. Бүгін міне балаларға сыйға тартып міне ,бүгін ашылуы болып жатыр. Соған өзіміз ризамыз.

БАҚЫТЖАН РЫМҒАЛИҰЛЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ Енді саябақты қарап отырсаңыздар бала-шағамызға, немерелерімізге, келешек ұрпаққа және осы ауданымыздың халқының бірлігіне ұйымдасуына байланысты салынған дүние. Қарап отырсаңыздар өмірдің өзі үлкен ағаларымыздан, бала-шағаларымыздан құралады ғой. Осы балалар үшін осы саябақты ашып отырмыз.

Саябақты салуға атсалысқандар көпшілік ықыласына бөленіп, арнайы марапатталды. Айта кетейік бұл бастаманы ауыл халқы өздері көтерген. Тіпті бұрын ауылда тұрып кеткен азаматтарда қолдау көрсеткен.

ӨМІРБЕК БЕКБАЕВ ҚАРАУЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ Бұдан бөлек былтырғы жылдан бері, оның арғы жылдан бері халықтың бастамасымен ең бірінші көпбалалы отбасыға көлік жөндеу орталығын салды, одан кейін былтырғы жылы ауыл халқы «Ел аманаты » деген қор құрып бір жалғыз басты мүмкіндігі шектеулі азаматқа тұрғын үй салып берді. Ауылымыздың жастары, «Абай жастары» деген үлкен қор құрып ауылымыздағы жағдайы төмен отбасыларға қосымша көмек көрсетуде. Енді халықтың қандай бастамасы болса да аудан әкімддігі, ауыл әкімдігі бірігіп көмектесуге тырысамыз.

Ауыл тұрғындары «Бидайық » деп ат қойылған саябақ маңын келер көктмеде өздері абаттандырып, оны бағып қағуды да өз мойындарына алып отыр.