Азық-түлік бағасы үкіметтің басты назарында. Жағдайды көріп біліп отырмыз, қажет болса, интервенция жасауға дайынбыз дейді ұлттық экономика министрі. Жауаптылар азық-түлік бағасының қымбаттауын өңдеу өнеркәсібінің аздығымен байланыстырады. Айтуларынша қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тағамның 19 түрінің қымбаттамауын тежеп отырған көрінеді. Ал, үкімет басшысы Олжас Бектенов болса, өңделген өнім шығаруға инвестиция тарту керек дейді. Премьердің пікірі бойынша айтулы жұмыс елімізде баяу жүріп жатыр. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отыр. Ал, озық елдердің көбі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тартымдылығы жағынан салық және кедендік жеңілдіктер тек үшінші және төртінші орындарда тұр. Ал, бірінші позицияда қолайлы әкімшілендіру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құралдары орналасқан. Біздің арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекетіміз олардың тиімділігін арттыра алмай келеді».