Жол азабын тартқан білер. Алдағы алты жыл ішінде республикалық маңызы бар 8 мың шақырым жол салынып, реконструкцияланады. Одан бөлек, таяу жылдары жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым негізгі автожолға қатысты жобалар кезең-кезеңмен іске асырылады. Осылайша, қазақстандықтар біртіндеп сапалы жолмен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабтың отырысында айтылды.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Тұрғындардан түсетін шағымдар туралы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елді мекендер арасында жақсы жолдар қажет. Бұл бәрімізге, біздің экономикамызға қажет. Ведомствоның алдына жол құрылысы саласын қайта құру бойынша нақты міндеттер қойылды. Жол активтері сапасының ұлттық орталығының сапасыз жүргізілетін жол-құрылыс жұмыстарына жол бермеу, жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу жөніндегі рөлін күшейту қажет».

Әлихан Смайылов отырыста жауапты органга жолға қатысты бірқатар тапсырмалар ретін жүктеді. Сондай-ақ, жолдарды жобалау және салу, оларды күтіп-ұстау мәселелерін кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. Айта кетейік, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Көлік министрлігі қайта құрылған болатын. Аталған проблемаларды оң шешу енді тікелей осы министрліктің мойнында.