Алматы қаласының Әділет департаменті құқық иелерінің сенімхат негізіндегі өкілінің арызы бойынша ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында «Белгілі брендтердің» тауар таңбаларын заңсыз пайдалану фактісі бойынша, яғни сапасы күмәнді, өндірісі белгісіз конструктор түріндегі ойыншықтар мен автомобиль сүзгісіне қатысты кезектен тыс 5 тексеріс жүргізген.Тексеру барысында жалпы сомасы 2 221 300 теңгені құрайтын 700 бірлік контрафактілік өнім тәркіленді.Сонымен қатар, 5 құқық бұзушыға сот шешімі негізінде жалпы сомасы 356 000 теңгеге айыппұл салынды және тәркіленген контрафактілі өнімдер жойылды.

ЕРКЕБҰЛАН ЖЕТПІСБАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҚТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Бұл тауарлардың ешқандай құжаттамалары жоқ. Құжаттарының жоқ екендігі тексеріс барысында анықталды. Сол себептен ҚР тауар таңбалары туралы заңына сәйкес бұл өнімдер контрафактілік болып есептеледі. Өздеріңіз көріп тұрғандай бүгінгі таңда танымал брендтердің тауар таңбаларын заңсыз пайдалану фактісі бойынша  тексеріс кезінде тәркіленген заттарды жою шаралары жүргізіліп жатыр».

Ағымдағы жылдың басынан бастап Алматы қаласының Әділет департаменті тауар таңбаларының құқық иеленушілерінің сенімхаты өкілдерінің өтініштері негізінде 34 жоспардан тыс тексеру жүргізді, олардың барысында тауар таңбаларын заңсыз пайдаланумен 11 725 бірлік контрафактілік өнім тәркіленді, жалпы сомасы 11 340 606 теңге. Сот шешімі бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 245 200 теңге айыппұл салынды.