Алматы қаласы орта білім беру ұйымдарының жас педагогтері арасында «ALMATY USTAZY»  байқауының үшінші кезеңі ұйымдастырылды. Соңғы кезең 2 бөлімнен тұрады:1-сі «Мен – мұғалім көшбасшымын» жобасын қорғау;2-ші «Қазіргі білім берудің өзекті міндеттері»  тақырыбын қамтыды.

«Almaty Ustazy» байқауы қалада үшінші жыл өткізіліп келеді, талантты және шығармашылықпен жұмыс істейтін жас мұғалімдерді анықтауға және қолдауға, педагогтердің беделін арттыруға бағытталған.Мұндай байқау жас педагогтар арасында өзекті және сұранысқа ие, өйткені оның алаңында көптеген пайдалы ақпарат алуға, жаңа әдістер мен технологиялар туралы білуге, білімдері мен қабілеттерін  көрсетуге мүмкіндік алады.

ӘКІМЖАН САЙЛЫБАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ ӘДІСТЕМЕЛК КАБИНЕТТІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:«Ең үздік математика мұғалімі,ең мықты физика мұғалімі сондай 14 мұғалім финалға шықты. Енді осы финалда әрбір мұғалім өзінің жобасын қорғайды. Ертең шетелге тағылымдамаға барады. Біздің мұғалімдер бұған дейін тек сырттан көрейікші, үйренейікші деп баратын болса бұл бес мұғалім, біздің де үйретеріміз бар деп барады. Бүгінгі конкурстың ерекшелігі сол».

I кезең онлайн режимінде 205 мектептен 1327 педагог, 11 оқу пәні бойынша өз жұмыстарын ұсынды. Қатысушылардың жұмысын 73 сарапшы бағалады.Байқаудың іріктеу қорытындысы бойынша екінші кезеңге сарапшылар әртүрлі пәндерден   114 қатысушыны жіберді. Олар 2023 жылдың 11-16 мамыры аралығында 22 мектеп базасында конкурстық сабақтар өткізген болатын. 

ӘЗИЯ ЖҰМАБАЕВА АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚҰПУ БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ,ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:  «Байқауға бірінші екінші кезеңдері бойынша сарапшы, 3 кезеңі бойынша әділқазылар мүшесі ретінде қатысып отырмын. 4 айдан астам уақыт бұрын басталған болатын. Ең соңғы  кезеңге үздіктер ғана сараптап алынды. Ішінен тек қана үздіктерін ғана аламыз».

Алматы қаласының жас мұғалімдері үшін конкурсқа қатысу - бұл өзінің кәсіби өсуіне қадам, цифрлық дәуір жағдайында жұмыстың жаңа тәсілдерін зерделеу болып табылады. Осыған орай,байқауда бақ сынаған  ұстаздармен тілдескен едік.

ЕРНАР ӘБДІХАЛЫҚОВ БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ: «Қазіргі таңда төрт өлшемді білім беру жүйесін қолға алып,осы методиканың жалпы қазақ қоғамы үшін маңызды екенін көрсету мақсатында осы методиканы жасап жатырмыз. Өзіндік нәтижесін беріп жатыр.Жалпы әрбір сайыс адамды пісіреді.Осындай сайыстардың арқасында біз жетілеміз,дамимыз.Осы шарадан жеңімпаз атанып,Сингапурда қазақтың болмысының қандай екендігін танытқым келеді. Қазақ халқының қандай әлемдегі ең мықты халықтың бірі екендігін көрсеткім келеді».

САЛТАНАТ АНАПИАЕВА БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ: «Бүгінгі байқауға қатысушы ретінде келіп отырмын. Үлкен еңбекпен жеттік. Бұл байқау мұғалімдер үшін әсіресе қазақ ұстаздары үшін берілген ең үлкен мүмкіндік деп айтқым келеді. Себебі біз қазақы құндылықты,қазақи тәрбиені цифрлық білім беру арқылы жасанды интеллект арқылы қалыптастыра аламыз. Дәл соны қалай қалыптастырмыз деген шешімі бүгінгі жарыста өзекті түрде қозғалып көтеріліп жатыр және шешімі дайын түрде әкелініп жатыр. Көптеген мәліметтер алып жатырмын бүгінгі жарыстан. Осыдан кейінгі тәжірибемде қолданылады деген үміттемін».

Ақтық сынға шыққандар Сингапурде өтетін халықаралық білім беру тағылымдамасына жолдама алады.Гран-при иегері қосымша  5 000 000 теңге сыйақымен марапатталады.Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау Республика сарайында 2023 жылдың 5 қазанында   мұғалімдер күніне орайластырылады.