Алматы облысына қарасты Первомай өнеркәсіп аймағында полиэтилен өнімдері сақталған қойма өртенді.Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сүйенсек, жағымсыз жағдай, таңғы сағат 7 шамасында орын алған. Оқиға орнына дереу Алматы облысы ТЖД қызметкерлері жіберілді. Сағат 7:20–да алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде нысан толығымен отқа оранған. Сонымен қатар, шақырудың жоғары дәрежесі бойынша жақын маңдағы бөлімшелердің күш-құралдары жөнелтілген. Өрттің үлкен аумаққа таралуының себебі — өрт туралы кеш хабарлаудың салдарынан болған. Тілсіз жау, сағат 9:12–де оқшауланды. Жақын маңдағы қоймаға оттың таралуына жол берілмеді.Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.

АЗАМАТ ӘЛҒОЖАЕВ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: «Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД анықтау бөлімінің және өрт зертханасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.Қызыл жалынды сөндіруге Алматы облысы ТЖД 37 қызметкері мен 14 техникасы және Алматы қаласынан 22 маман мен 4 өрт сөндіру машинасы жұмылдырылды».