Алматы хайуанаттар бағында жануарларға жаңғақ жинау акциясы басталды. Кез-келген келуші саябақтың орталық кіреберісінде орналасан қабылдау пунктіне жиналған жаңғақтарын тапсыра алады. Онда емен ағашының жемісі өлшеніп, әкелінген тағамдар жайында мәліметтер жазылып алынады. Науқан 7 қарашаға дейін жалғаспақ.
Қалалық саябақтар мен алаңдарда жаңғақтар толық пісіп, жерге түсуде. Алматының көшелері мен тротуарлары үшін бұл – қоқыс. Ал Алматы хайуанаттар бағының көптеген жануарларына – құнарлы калориялы азық. Сондықтан 5 қазаннан 7 қарашаға дейін хайуанаттар бағы жыл сайынғы «Жаңғақты күз» акциясын өткізеді. 3 келі жаңғақ үшін 1 бала хайуанаттар бағына билет ала алады. Ересек адам тегін кіруі үшін 7 кг жаңғақ қажет. Билеттерді 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін пайдалануға болады.
ГҮЛДАНА БАУБЕКҚЫЗЫ МАЛ ДӘРІГЕРІ:«Бұл емен жаңғағы қосымша азық ретінде беріледі. Біз қабылдағаннан кейін бұны толығымен тексеріп аламыз. Кептіреміз толығымен. Сөйтіп, қоймаға сақтаймыз. Сосын, бұны көбінесе: марал, киік, лайндар өте жақсы жейді және жақсы көреді».
Мал азығына тапсырылатын жаңғақтар жануарларды тамақтандыруға жарамды, таза, піскен, құрғақ, көгермеген болуы керек. Арасында жапырақ, тас, бұтақтар мен қоқыстар болмағаны абзал. Сондай-ақ, улы химикаттармен және пестицидтермен өңделмеген болуы шарт.Айта кетейік, хайуанаттар бағындағы жануарларға арналған акция ұйымдастырылған бірінші жылы 3,5 тонна жаңғақ жинаса, 2016 жылы 7 тонна еселеніп, рекорд орынады. Биыл қазан айының басынан бері 473 келі жиналған. 7 қараша күні Алматы хайуанаттар бағының құрылғанына 86 жыл толмақ. Осыған орай науқан соңында хайуанаттар бағының қызметкерлері іс-шараны қорытындылап,жаңғақты көп жинаған азаматтарды марапаттамақ ниетте.