"

Ақмола облыстық экономикалық тергеу департаменті 14 ойын терминалдарының көзін жойды. Олардың бәрі Ақмола облысының аумағында көлеңкелі бизнеспен айналысқандардан тәркіленді. Жыл басынан бері осындай жолмен заңсыз пайда көргісі келгендердің жолы кесіліп, 3 қылмыстық іс қозғалды. Айта кету керек, бұл ойын терминалдары жедел тергеу шараларының барысында алынды. Арнайы рұқсат құжаттары жоқ.Құмар ойын орындарын заңсыз ашқандарға немесе кәсіпкерлік қызметті ұйымдастырғандарға Қылмыстық Кодекстің 307-ші бабына сәйкес жаза қарастырылған. Аталған бап бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. 

АЯГӨЗ ҚАШАПОВА АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ТЕРГЕУШІСІ:

«Біздің департамент Көкшетау қалалық мамандандырылған тергеу сотына өтінішхат жолдаған еді. Онда сотқа дейінгі тергеу сатысында заттай айғақты сату туралы мәлімделген. Атап айтқанда тәркіленген 14 ойын автоматы қондырғысын металл қабылдайтын орынға тапсыру ұсынылған. Өйткені, қылмыстық іс аяқталғанша айғақты ұзақ сақтау біршама материалдық шығынға әкеледі. Судьяның қаулысына сәйкес, заттай айғақты металл қабылдау орнына тапсыру арқылы сату ұйғарылды. Оны кейін тағы заңсыз айналымға пайдаланбас үшін  механикалық күш қолданып барып, тапсыру жүзеге асырылды».