«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Албания Президенті Байрам Бегайды қарсы алу рәсімі өтті. Екі ел басшыларына Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң, Қазақстан мен Албанияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Байрам Бегай бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.Содан кейін Қазақстан мен Албания президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Қазақстан астанасына келгені үшін Албания Президентіне алғыс айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Бұл – тарихта Албания Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан Сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті. Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар».

Өз кезегінде Албания Президенті Байрам Бегай Астанаға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.Екі жақта кездесуден кейін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Албания Президенті Байрам Бегай екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөздер жүргізді.Тараптар сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән бере отырып, Қазақстан мен Албания арасындағы серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту үшін зор мүмкіндік пен әлеует бар екеніне назар аударды.