Ақтаудағы 27-ші шағын аудан тұрғындары жылусыз отырмыз деп шағым айтты. Бірнеше үйге әлі күнге дейін жылу берілмегендіктен шыдамы таусылған тұрғындар аулада отын жағып отырудан басқа амалымыз қалмады деп ашынды. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген екен. Алайда әкімдіктегілер құр уәдемен шектеле береді,- дейді күйінген жұрт.

Наразы жұрт жылу маусымы басталғалы пәтеріміз жылымады дейді. Ал үйге қызмет көрсетуші коммуналдық мекеме ай сайын жылуға қатысты түбіртекті кешіктірмей жібереді екен. Алуға келгенде алдыға шығып,беруге келгенде бұғып қалатын мекеменің қызметіне тұрғындардың өкпелері қара қазандай.

АЛТЫНҒАЛИ ҚАРАЖАНОВ ТҰРҒЫН: «Қанша уақыттан бері неше комиссия келіп жатыр. Ешқандай шешім жоқ. Келеді, айтады 3 күн бер, 4 күн бер деп. Жасалып жатқан нәтиже жоқ. Отынға осы жерге жылыну қалды енді бала-шағамызды алып келіп, басқа ештеңе қалған жоқ».

ТӨЛЕУ ТҰМАНБАЕВА ТҰРҒЫН: «Енді мынау ұят қой, қарағым. Өлдік қой. 40-жылғымын мен. Ұлы Отан соғысында менің әкем өлді. Сонда да мынандай қорлық көрген жоқ едік».

Бұл шағын ауданға жылу жеткізетін құбыр әбден тозған. Салдарынан әр жері жарылып, шыдас бере алмай тұр. Мұны қаладағы жылу мен суға жауапты коммуналдық кәсіпорын да растап отыр.

ИСЛАМ ҮСЕНОВ «КАСПИЙ ЖЫЛУ, СУ АРНАСЫ» МКК БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Жаңа үйлерде, жаңа микрорайондарда автоматический тепловой пункт деген бар. Оларда насоспен жасайды. Бірақ біреулер дополниительный насос қойған. Именно повысительный насос қояды. Сол сорғылар трассадан тартып кетіп жатыр».

Ал дәл қазір су бойынша ешқандай мәселе жоқ дейді Ислам Үсенов. Қаладағы әр шағын ауданның жылу торабын тексеріп болған соң, бұл үйлердегі мәселе де реттелетінін жеткізді.