Ақтау қаласы, Өмірзақ селосы, Приморский тұрғын үй массивінде заңсыз салынған 5 қабатты тұрғын үй сүрілді. Құрылыс жұмыстары аяқталмаған үйдің салымшылары жайсыз хабарды естіген соң, нысан басына жиналып, сүріп тастауға қарсылықтарын білдірді. Алайда олардың жан айқайына ешкім құлақ аспады. Толығырақ келесі бейнесюжетте. 

Бұл аталмыш мекен жайдағы тұрғызылып жатқан үйдің салымшылары. Әр қайсысы әр түрлі қаржы құйған. Араларында баспананың құнын 100 пайыз толық төлеп тастағандар да бар. Олар үйді жермен жексен етеді деген хабарды естігесін, осы жерге жиналып, сүріп тастауға қарсылық білдірді. Алайда ол іс әрекеттерінен еш нәтиже шықпады. 

Тұрғындармен кездесуге қала басшысы, прокурор және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы келді. Салымшыларға мәселенің мән жайын түсіндіріп, заң шеңберінен асып кете алмайтындарын айтты. Алайда баспана аламыз деп қаржы құйғандар үй сүрілсін деген соттың шешіміне қарсы болды. 

ЕРГЕШБАЙ ӘЛМҰРАТОВ - ҮЛЕСКЕР Мен 8 млн салдым. Халықтың жағдайына қарау керек қой. Мынау қаншама қаражат кетті осыған? Қазір ақшаны ешкім қайтарып бермейді. Бізден алған ақшаға құрылыс жасап қойды. Енді бұл халыққа қиянат қой. 

ОЛЕГ ГУММЕНИКОВ - ҮЛЕСКЕР Бұл жерден менің ұлым баспана сатып алды. Бізде көмектестік. Жуық арада отбасын құрғысы келеді. Сол үшін сатып алдық. Болашақта осы жерде тұрсыншы деп. Ал мына жерде осындай былықтар болып жатыр. Біздің қаржымызды кім қайтарады? Үйдің сүрілетінін де еш жерге жарияламады. 

Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқалидің айтуынша, басқарма 2022 жылғы 1 желтоқсан айында жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеріс қорытындысы бойынша, аталған тұрғын үйдің ешқандай рұқсатнама құжаттары рәсімделмегені, техникалық және авторлық қадағалаушылардың сүйемелдеуінсіз құрылыс жүргізгені анықталып, меншік иесіне құжаттарды заңдастыруға 1 жыл уақыт берілген. Алайда…. 

ДӘУРЕН ӨТЕПҚАЛИ –МАНҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ Осы күнге дейін кәсіпкер рұқсатнама құжаттарын алған жоқ. Одан бөлек біздің берген нұсқаманы елеген жоқ. Біздер сот органдарына ешқандай сапасының жоқтығын, ешқандай кепілдік бере алмаймыз сол себептен сот органдарына бұл объектіні бұзуға талап арыз жолдадық. Сот шешімі қанағаттандырылды, заңды күшіне енді. 

Баспанасыз қаламыз ба деп алаңдаған жұрт соңғы үмітіміз жоғарғы билікте дейді. Олар ел президентіне үндеу жолдауға бекініп отыр. Айта кетейік, заңсыз құрылысты сүру жұмысына меншік иесі мен үлескерлер де қатысты. Енді салымшылар өз қаражатын заңсыз құрылыс салушыдан құқықтық тәртіппен өндіріп алуға құқылы дейді мамандар.