"

ҚР Президенті Іс басқармасы, медициналық орталығының дәрігерлері ақтаулық 62 жастағы ер адамға ота жасады. Сондай-ақ, жергілікті әріптестерге тың ақпараттармен дәрістер де өткізді.

Ақтауға 2 күндік сапармен келген ақ халаттылар жергілікті науқастарға ота жасап, тегін көмек берді. Сондай-ақ, уролог мамандар 62 жастағы науқасқа екі жарым сағат көлемінде операция жасап, оны сәтті аяқтады.

БАХТИЯР ҚАСЫМОВ ҚР ПІБ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖОҒАРЫ САНАТТЫ УРОЛОГ ДӘРІГЕРІ: «Бүгін күрделі отаның бірі жасалды. Кеше 2 операция жасалды. Бүгінде оталар жасалуда. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталық ауруханасы мен Маңғыстау облыстық ауруханасының ортасындағы меморандум аясында жүзеге асырылуда. Біз сапаға мән береміз. Сондықтан бір отаның өзіне жіті мән беріп, уақытпен санаспай жасап жатырмыз. Бұдан бөлек, пациенттерді қабылдап, консультация өткізілуде».

Жасалынған оталардың барлығы заманауи тәсілдер мен құрылғылардың көмегімен өтті.

МҰРАТ БЕКХОЖИН МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ УРОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Операция барысы эндоскопиялық,  лапороскопиялық жолмен жасалып жатыр. Бүгінгі жасалған операциямыз қуық асты безінің оденомасына байланысты лапороскопиялық операция жасалады. Келген дәрігерлер операциямен қатар, консультативтік-диагностикалық бөлімде жергілікті халыққа тегін көмек көрсетіп жатыр. Өзіміздің әріптестерімізден көптеген затты үйреніп жатырмыз. Шеберлік аясында тәжірибе алмасып, ары қарай дамытып, жергілікті жерде жасаймыз деген ниеттеміз».

Статистикаға сүйенсек, былтырғы есеп бойынша астаналық дәрігерлер еліміздің 12 облыс орталығына барып, 278 операция жасап, 2321 консультация өткізген. Сондай-ақ, 322 шеберлік сағат пен дәріс ұйымдастырған.