Ақтау қаласындағы шағын аудандардың бірінде орналасқан Таунхаустың тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша алған баспаналары сын көтермей тұр. Тіпті, жарық пен су мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппаған.
Бұл үйлер 3 жыл бұрын қоныстануға берілген. Мұнда 18 пәтер бар. Тұрғындар үйді алғаннан бастап, күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселенің көптігін айтып, шағымданған. Жаңбыр жауса, төбеден аққан су тұрғындарды әбірге салуда. Амалы таусылған жұрт, пәтерлерінің әр бұрышына шелек қойып әлек. Салдарынан баспаналарының қабырғалары көктеп, қолқаны қабатын жағымсыз иіс пайда бола бастаған. Жарық пен су мәселесі айтпаса да түсінікті. Екі жүйе де орталыққа қосылмаған. Сол себепті, тұрғындар енді тіршілік нәрінен ажыратылуы мүмкін.
ХАМИТ ЖҰМАБЕКОВ ТҰРҒЫН: «Су мәселесі, сосын, кәріз мәселесі. Осыларды шешіп берсе, бізге лицовой счетті берсе, үйдің шатырын жөндеп жауып берсе дейміз. Жаңбыр жауса төбемізден су ағады. Забор жоқ. Забор жоқ болғасын кіріп-шығушы көп. Су біздерге келіп тұр. Пайдаланып жатырмыз. Пайдаланғанмен оны МАЭК-ке, МРЭК-ке өткізген жоқ. Соны өткізіп, лицовой счетті берсе, пайдаланған затымызды төлейміз».
Тұрғындарды мазалап отырған тағы бір мәселе – кәріз жүйесі. Кәріз құбырлары бір-бірімен дұрыс жалғанбаған. Қолқаны алатын жағымсыз иіс үйге кіріп, дем алудың өзі қиындаған.
МЕДЕЛХАН САРАЙШЫҚОВ ТҰРҒЫН: «Мына 2-3 үйдің кәрізі біздің үйден шығады. 2-3 рет бітеліп қалды. Қайта-қайта тазаладық. Мына үйді салар кезде эскизде забор, фонтан, бәрі болды. Бірақ қазір ештеңе жоқ. Рядом тағы үй салды. Ол жақтан да адамдар аулаға кіріп жүре береді. Тұрғындар болып мердігер мекемеге бардық. Олар ештеңе шешпейді. Ештеңе айтпайды. «Ақшам жоқ» дейді. Болды».
Су мәселесі бойынша «Каспий жылу, су арнасымен» байланысқа шыққаннан кейін, Таунхаусты тұрғызған мердігер компанияның коммуналдық мекеме алдында қарызы шаш етектен екені белгілі болды.
РИММА ҚУАНБАЕВА «КАСПИЙ ЖЫЛУ, СУ АРНАСЫ» МКК ЭНЕРГИЯ ҚОРЛАРЫН ӨТКІЗУ, ТАРАТУ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Мердігер мекеме өткен жылдың желтоқсан айынан бастап іс жүзінде төлем жасамайды. Бүгінгі таңда «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын алдында берешегі 1 267 000 теңгені құрайды. Ал МАЭК (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) ЖШС алдында 1 690 000 теңге берешегі бар. Жалпы қарыз соммасы шамамен 3 миллион теңге. Бізде биллингті МАЭК (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) ЖШС компаниясы қабылдайды. Бірақ, мердігер мекеме тарапынан биллинкке өту бойынша өтініш келген жоқ».
Құрылыс кезінде жіберілген қателіктің зардабын халық тартып отыр. Ал мердігер мекеме болса, аталған мәселеге қатысты ресми ақпарат беруден бас тартты.
Ақтау қаласындағы шағын аудандардың бірінде орналасқан Таунхаустың тұрғындары шу шығарды
- Толығырық
- Категория: Алатау ақпараты
- 374 рет қаралды