Ақтау қаласында құрылысы жүріп жатқан үйдің бір қабатында апат болды. Шатырда монтаж жұмысын жүргізу кезінде арнайы жабынды құлап, бүтін бір подъездегі пәтерлердің төбесі ортасына түсті. Алдын ала жарнасын төлеп қойғандар, үйді пайдалануға берген жағдайда да қоныстануға үрейленіп қалдық дейді.Ал мердігер мекеме өкілі олқылықтың бәрін ретке келтіреміз, алаңдайтын еш негіз жоқ деп отыр.
Бұл кадрлар дәл сол күні оқиға болған жерде түсірілген. Жұмысшылардың бірі апаттан кейінгі көріністі телефонындағы бейнекамераға жазып алған. Видеожазба әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсті. Пәтерлердің біріне алдын ала толықтай төлем жасап, қоныс тойымды тойлаймын деп жоспарлап қойғандардың бірі Аманбибі Сахиева. Орын алған оқиғадан кейін көшіп келуге уайымдап қалдым дейді ол.
АМАНБИБІ САХИЕВА САЛЫМШЫ:«Салынбай жатып құлап жатыр. Естіп жатырсыңыз, көріп жатырсыңыз. Сыртынанда көрініп тұр әне. Бәрін жауып тастаған. Мынау сапасыз үйлер кілең. Салынбай жатып құлап жатыр. Елдің, халықтың қорқынышы күшті. Кірген уақытта ол қалай болады»
Ал мердігер мекеме өкілі барлық мәселені рет-ретімен шешіп, олқылықты жоямыз деп сендірді. Тұрғындарды сабырға шақырып, апат орнын қалпына келтіретіндерін айтты.
ҒАБИТ ОҢБАЕВ УЧАСКЕ БАСШЫСЫ:«Тұрғындарға айтарым ешқандай уайымдамасын. Бәрін өзім қадағалаймын. Барлық құйған монолитный участкаларды армировать етіп, барлығын востоновить етіп қоямыз».
Компания сәулет-құрылыс басқармасынан барлық құжатты алған. Құрылыс жұмыстарын бастау туралы рұқсат қағазы да бар. Оқиға орнына бас мемлекеттік құрылыс инспекторы барған. Құрылыс материалдарының жобаға және мемлекеттік нормативтерге сәйкестігін тексеруге шешім қабылданыпты.
ДӘУРЕН ӨТЕПҚАЛИ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:«Мен барған кезде барлық фактілерді скрыват ету, жасыру жұмыстары жүргізілген. Сынған плиталардың барлығын жинап тастаған. Орнына басқа жаңадан бетон төсеген. Яғни біздер тура болған күні бара алмадық. Енді біздің тарапымыздан шешім қабылданды. Жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргіземіз».
Айта кетейік, плиталар құлаған жерде жұмысшы жатқан. Ол бетон құламай тұрып, бірнеше минут бұрын бөлмеден шығып кеткен екен. Абырой болғанда апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Ақтау қаласында құрылысы жүріп жатқан үйдің бір қабатында апат болды
- Толығырық
- Категория: Алатау ақпараты
- 387 рет қаралды