Бұдан былай балаларға Ұлттық қордан қаражат төленеді. Бүгін Мәжіліс осы заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Сондай-ақ, депуттар Парламент мінберінен саяжай мәселесін көтерді. Тіпті мәжілісмендер халық жазған 8 мың хатты арқалап келген. Шет елде мигрант болып, нәпақа тауып жүрген отандастарымыздың да проблемасы халық қалаулыларын алаңдатып отыр. Сондықтан, олар Үкімет басшысынан өзге елде жұмыс істеуге заң жүзінде рұқсат беруді сұрайды.

Кезекті Парламент отырысы қызу әрі тартысты өтті. Тек әдеттегідей ертемен емес, депутаттар жиынға түстен кейін жиналды. Мәжілісмен Мақсат Толықбай өзімен бірге 8 мың халықтың аманатын арқалай келген. Ол саяжайдағы ағайынның мәселесін тез арада қолға алып, арнайы заң қабылдап, бір жақты етіп шешіп беруді Үкіметтен сұрап, үндеу жолдады. Байтақ Қазақстанның әр төңірегіндегі саяжайға қатысты түйіні тарқалмаған мәселе өте көп дейді ол.

МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Халық қысы-жазы тұрғын жай етіп отырған жүздеген саяжайда не мектеп жоқ, балабақша жоқ, қоғамдық көлік те жоқ. Медициналық әлеуметтік нысан жоқ. Асфальтта жоқ, пошатада жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Оқу жылы басталғаннан бері балалар балшықпен барып, иттерге таланып жатыр. Жүздеген отандасымыз ауыл статусын сұрап отыр. Статус берейін десе миллиардттаған ақша керек. Үкімет жедел әрекет етіп, нақты ауқымды бағдарлама қабылдауды талап ету керек. Әйтпесе, қайталап айтамын мұның арты үлкен әлеуемттік шиеленіске алып келуі мүмкін».

Өзге елде құқы қорғалмай, қауіп қайдан келеді деп жәутеңдеп отырған 20 мыңнан аса қазақ баласының арызын жеткізген депутат Нартай Аралбайұлы болса, Оңтүстік Кореяда мигрант болып жүрген отандастарымызды қорғауды сұрайды.

НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Заңсыз жүрген мигранттарымыздың жағдайы түсінікті. Асқақ сөйлемек түгел, астарлап сөйлеуге тартынып тұрады. Мысалы 57 жасар қазақстандық еңбек мигранты болып барып қайтыс болғанда баласы жылу жинап кеткен. Оларға ешкім ешқандай өтемақы төлемейді. Тіпті қажет десе ұстатып та жібере алады. Екі ұсыныс бар. Жедел пысықтауды тапсырамыз. Екі ел арасында ортақ келесім жасалғанша Оңтүстік Кореяда заңсыз мигранты болып жүрген 20 мыңға жуық қазақстындықтың құқығын қорғайтын заңдық тетік табуы керек».

Сондай-ақ депутаттар жерді заңсыз иемденіп алғандар мен заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару бойынша депутаттаық сауалдар жолдады. Олардың қаншалықты шешімін табатыны алдағы уақыттың еншісінде. Айтпақшы, бүгін Парламент балаларға ұлттық қордан төленетін қаражатқа қатысты заң жобасын мақұлдады. Енді құжат Сенат қарауына жолданды.