Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері әлі күнге  өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ұлы философтың тағлымын қылқаламмен танытып жүрген жанның бірі Жанұзақ Керімбекұлы. Суретшінің «Балалықтан даналыққа жол» атты туындысы екінші ұстаз, ұлы ойшылдың өмірінен сыр шертеді. Толығырақ алдағы сюжетте.

Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор, айналысқан ғылыми салалары да кең. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, терең ізденген ойшыл философия, логика, этика, музыка сынды түрлі салаларға арнап 150-ге жуық трактат жазып қалдырған болатын.

ЖАНҰЗАҚ КЕРІМБЕКҰЛЫ СУРЕТШІ «Әл-Фараби 10 ғасыр бұрын өмір сүрсе де барлық өміріміздегі тыныс-тіршіліктің бәрін бүгінгідей жазып кеткен. Міне, сол әл-Фарабидің жазбаларынан біз көп дүниелерді өзіміздің бойымызға сіңдіріп, барлық жазған дүниелерін оқып-біліп, сол философияны меңгеретін болсақ, біздің болашағымыз да жарқын, ұлтымыз да мықты, жастарымыз да ақылды болар еді»

Қазіргі таңда әлемде жаһандану үдерісінің қарқынды даму үрдісіне сәйкес «жұмсақ күш» саясатының ықпалы артып отырғанын бағамдауға болады. Талантты суретші бұл саясатты әл-Фараби еңбектерімен әлемге қазақты таныта аламыз дейді.

ЖАНҰЗАҚ КЕРІМБЕКҰЛЫ СУРЕТШІ «Өйткені біз әлемді осы білімімізбен, өнерімізбен, ұлттық салт-дәстүріміздің ерекшелігімен, жасаған дүниелерімізбен, жаңалықтарымызбен ғана мойындата аламыз. Сол үшін, әлемді мойындатудың бір жолы – осы әл-Фарабидің қазақ жерінен шыққандығын, оның трактаттарының үлкен мәні бар екендігін бүткіл дүниеге таныстыруымыз керек». 

«Балалықтан даналыққа жол» деп аталатын құнды картина 5 топтамадан тұрады. Белгілі қаламгер туындыға ғұмырының 4 жылын арнап, арнайы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына әзірлеген. Полиптих түрлі майлы бояулардың қосындысы арқылы ерекше ептілікпен салынған. Оның биіктігі 1.8 метр, ұзындығы 11,5 метрді құрайды.

ЖАНҰЗАҚ КЕРІМБЕКҰЛЫ СУРЕТШІ «11,5 метрлік картина әл-Фарабидің туған жерінен өмірден озғанға дейінгі сол қалалардың барлығын қамтыдым десем болады. Өйткені, сол бес картина бүкіл өмір-жолы айтылады. Ол қандай қалаларда тұрды, қандай трактаттар жазды дегенде сол мағлұматтарды сол жерден көруге болады»

Жанұзақ Керімбекұлы әл-Фарабиді терең зерттеп бүгінгі ұрпаққа таныстыру жолында көп  ізденген кескіндемеші. Суретшінің бұл шығармасы көркем бейнелер мен сызба таңбалар жүйесіне сүйене отырып, нақты тақырыпты қамтыған бейнелеу өнерінің түрлі стильдерінде жазылған үздік туынды. Қылқалам шеберінің үздік картиналары еліміздің көптеген музейлерінде,  шет мемлекеттердің танымал музейлерінде ілулі тұр.