Алматы облысы Жамбыл ауданының Беріктас ауылында толассыз жауған жаңбырдан кейін сел жүрген болатын. Осылайша 15 аула мен 3 тұрғын үй су астында қалды. Абырой болғанда мал мен адам шығыны жоқ. 

Оқиға орнына Ұзынағаш ауылында орналасқан №28237 әскери бөлімінің жеке құрамынан 54 адам мен 4 арнайы техника жұмылдырылған. Арнайы мотопомпалармен үйге кірген суға су сорғыту жұмыстары жүргізілді дейді мамандар. 

АҚНИЕТ ТҰРЫСБЕКҰЛЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ «Екі жыл бұрын сол өзеннің арнасын кеңейту, қазу жұмыстарын жүргізу керектігі ұсынылған кезде, ауыл тұрғындары қарсы болған. Ол жердегі құм, қиыршық тастарды алуға, түрлі жұмыстарды жүргізуге қарсы болған. Осы жағдайдан кейін ауыл тұрғындары оған қарсылық білдірген жоқ». 

Үйлер сайлы жерлерде орналасқандықтан қатты жауын шашын салдарынан бұндай жағдайлар бұрында орын алған екен. Қазір Алматы-Бішкек тас жолында жұмыс жүргізіп жатқан компания өзеннің арнасын кеңейтіп, тереңдетіп қазып беру туралы ұсыныс білдірген.

АҚНИЕТ ТҰРЫСБЕКҰЛЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ «Ауыл тұрғындары да өздеріне қарасты ауланың бойындағы арық желілерін тазаламайды, кейде лас ұстайды. Соның әсерінен, осындай жағдайлар орын алады. Үйлердің ауласында су басу, су кіру тек селден ғана емес, еріген қар салдарынан да кіріп кетуі мүмкін деген жерлерде де жер деңгейін көтеру жұмыстарын да жүргізге екен деген өтініш білдіреміз жалпы ауыл тұрғындарына». 

Сонымен қатар, кеше Кеген ауданы, Ақсай ауылының маңындағы таулы аймақта жауын-шашынның салдарынан ағын судың қалыптасуы орын алды. Ағын судан 2 жүк көлігі жол жиегіне шығып кеткен. Жолды тазалау жұмыстарына Кеген, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарының арнайы техникалар мен 17 қызметкер  жедел түрде жұмылдырылды.Автокөлік қозғалысы штаттық режимде жұмыс жасауда. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.