Қызылша дертін жұқтырған 30 баланың жағдайы тым ауыр. Олар жан сақтау бөлімінде ем алып жатыр. Сондықтан, бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жергілікті әкімдер мен денсаулық сақтау басқармасына жағдайды қатаң бақылауда ұстап, екпе жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Одан бөлек, Үкіметте жол сапасына қатысты мәселе қаралды. Елімізде тағы қандай жолдар ақылы болады, тариф қымбаттай ма? Ол жайлы толығырақ тілшіміз тарқатып берсін.

Қызылшаға немқұрайлы қарамау керек. Ауру асқынса, соқырлыққа әкелуі мүмкін деген дәрігерлер дабыл қағып отыр. Биыл еліміз бойынша қызылшаны жұқтырудың 17 мыңнан аса дерегі тіркелген десек, оның 82 пайызы балалар. 

АЖАР ҒИНИЯТ ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Стационарлық емделуге 2375 бала жатқызылды, төсек орны 60 пайызға жетті. Резервте 1093 орын бар. 30 бала реанимация бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы ауыр. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі – 15 бала бар. Өлім-жітім жоқ. Жағдайы ауыр балалардың бәрі министрліктің бақылауында».

Қызылшаның ең жоғарғы деңгейі: Шымкент, Алматы қалалары мен Жамбыл облысында тіркелді. Одан өзге де барлық өңірлерде ауру асқынып тұр. Вирусты жұқтырғандардың басым көпшілігі екпе алмағандар. 

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулықтарына аса қауіп төндіреді. Сондықтан, онымен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып, күресуіміз қажет. Бала денсаулығы басты назарда болуға тиіс. Вакцина алудан басқа, мұндай қауіпті вируспен басқаша күресу мүмкін емес. Сондықтан, екпе алуды күшейту қажет».

Сондай-ақ бүгін Үкіметте жолға қатысты мәселе қаралды. Бұдан былай сапаны бақылау орталығы тек республикалық маңызы бар жолдарды ғана емес, ауыл ішіндегі жолды да тексеретін болады. Айтпақшы, елімізде 2029 жылға қарай 11 мың шақырым ақылы жол салынады. Тариф те қымбаттауы мүмкін.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:«Қазақстандағы ақылы жолдар тарифтері, жақын және алыс шет елдермен салыстырғанда ең төмен екенін айта кеткен жөн. Соңғы уақытта, транзиттік ағынның өсуіне байланысты, жөнделген жолдарды нормативтік жағдайда сақтау үшін, жол ақысын қайта қарау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ақылы жүйе, бірінші кезекте транзиттік көлік құралдарынан қаражат жинауға бағытталғанын ескере отырып, отандық тасымалдаушылар үшін ай сайынғы және жылдық абоненттік төлем көзделген».

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Жол сапасының нашарлығы тұрғындардың наразылығына себепші болып отыр. Әсіресе, сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты айтылып жатқан сын көп. Тек биылғы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті».

Министрлік те халықтың шағымынан хабардар. Олар сынның басым бөлігі жергілікті желіге қатысты деп отыр. Олқылықтың орыны тек 2030 жылға қарай толады. Ал, биыл 4 мың 200 шақырым жергілікті жолдар жөнделеді. Осылайша жыл сайын кезең-кезеңмен жол салына береді.