Бурабай курорттық аймағындағы «Rixos» қонақ үйінің 17 қызметкері астан уланып, 9 адам ауруханаға түсті. Ең қымбат қонақ үйде инфекцияның нақты қандай тағамнан шыққаны әзірге белгісіз.

Базарбек Бек аспазшының көмекшісі. Ауруханаға кеше түнде түскен.

БАЗАРБЕК БЕК НАУҚАС: «Ауруханаға кеше түнгі екіде түстім. Бірінші себептері –басым ауырды, температура болды. 38,2. Құсу. Өзімді нашар сезіндім».

Астан уланған қызметкерлердің алғашқы легі емдеу орнына осыдан екі күн бұрын түскен. Бүгін тағы екі адам аурухана төсегіне таңылды. Жұқпалы ауруханаға жеткізілген қызметкерлерге бактериялық ішек инфекциясы диагнозы қойылып отыр. Қазір науқастардың дене қызуы түскен. Жағдайлары бірқалыпты. Ал үйлеріне жіберілген 8 адам дәрігерлердің жіті бақылауында.


СӘКЕН ҚАЛЫМЖАНОВ КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
«Қызметкерлердің барлығы бір жерде тамақ ішкен. Оған қоса, науқастардың көбі бір бөлмеде жатқан. Бұл инфекциясы сапасыз тағам тұтынғандықтан пайда болады. Емдеу орнына жеткізілген жүкті әйелдердің жағдайы бірқалыпты. Денсаулығына ешқандай қауіп жоқ».


Қазір аудандық СЭС бақылау басқармасы қонақ үйдің мейрамханасына жоспардан тыс тексеруді бастап кетті. Барлық тағамнан сынамалар алынып, зертханаға жіберілген. Оның алғашқы қорытындысы үш күнде белгілі болады.